Павлодарда әкімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы талқыланды

Павлодарда әкімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы талқыланды
Фото: «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы

Іс-шара облыстық «AMANAT» партиясы филиалының алаңында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Агенттік төрағасы Дархан Жазықбайдың қатысуымен сайланған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы ашылды. Іс-шараға Президент Әкімшілігінің лауазымды адамдары, «AMANAT» партиясының және еліміздің өзге де саяси партияларының өкілдері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушылары, сондай-ақ өңірлерден аудан және ауыл әкімдері онлайн қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында азаматтардың талабына сәйкес әкімдерді тікелей сайлау жүйесі іске қосылып, барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы сайланғанын айта келе, олардың 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте істемегенін атап көрсетті. Сонымен қатар, Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдердің біліктілігін арттыруды Үкімет пен Агенттікке тапсырды.

Бұл ретте, Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау мақсатында әкімдерді оқытудың тиімділігіне ерекше мән беру қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, Дархан Жазықбай «Cаяси партиялар Ауыл әкімдерін сайлау кезінде өздері ұсынатын кандидаттардың тұлғалық жауапкершілігі мен кәсіби даярлығына назар аударғаны жөн.

– «Адал Азамат» идеалдарына сай, шынайы мақсаты ел игілігіне әділ қызмет етуді көздейтін адамдардың жұмысынан қашанда оң нәтиже күтуге болады, – деді ол.   

Бұл бастамаға Павлодар облысында да ерекше назар аударылды.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликова, облыстық мәслихат пен «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко, сондай-ақ филиалдың атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұр Мұхамедиярова қатысты.

Бағдарлама әкімдердің басқару қабілеттерін жетілдіріп, стратегиялық маңызды шешімдер қабылдауға қажетті негізгі құзыреттерін дамытуға бағытталған. 

– Бүгінде цифрлық технологиялар мемлекеттік басқару жүйесінде шешуші рөл атқарады. Әкімдерге арналған оқыту курстары олардың заманауи электрондық қызметтерді игеруіне, басқарушылық шешімдерді жедел әрі тиімді қабылдауына мүмкіндік береді, – деп Айгүл Маликова бастаманың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде, Илья Теренченко жергілікті жерлерде әкімдердің рөлінің артып келе жатқанын айтты. 

– Жыл сайын ауылдық округ әкімдерінің мәртебесі нығайып келеді. Бұл үдеріс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Сонымен қатар, мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл өкілді және атқарушы билік арасындағы өзара іс-қимылды күшейтеді, – деді ол.

Өз кезегінде әкімдердің кәсіби біліктілігін арттыру 17 модуль арқылы жүргізіледі. 

Атап айтқанда:

  • жергілікті бюджетті тиімді пайдалану;
  • мемлекеттік сатып алулар мен салықтар;
  • коммуналдық меншікті басқару, экология мен қоршаған ортаны қорғау;
  • кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау, аймаққа инвестиция тарту; 
  • мемлекеттік басқарудағы цифрлық технологиялар, жасанды интеллект құралдарын қолдану; 
  • қабылданған шешімдердің сәттілігіне әсер етуі мүмкін тәуекелдерді басқару, тиімді коммуникациялар және өзге дағдыларды дамытуды көздейді. 

Оқытудың қорытындысына сәйкес әкімдер өңірлерді экономикалық дамытуға қатысты жобаларын қорғайды. 

Бағдарлама Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардағы филиалдары арқылы жүзеге асырылады. Бұл бастама азаматтардың сенімін нығайтып, өңірлердегі өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына бағытталған бұл жоба «Үздіксіз білім – дамудың кепілі» қағидасын растайды.