Екібастұздағы апаттан кейін құбырларға сұраныс күрт көбейді
«Salling Plast Qazaqstan» ЖШС өз өніміне екі жылдық кепілдік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кәсіпкер Ержан Жабаев осыдан екі жыл бұрын «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан қолдау алып, өз кәсібін бастаған. Бұған дейін ол көршілес Ресей Федерациясынан құбырларды алып сатумен, жеткізумен айналысқан. Сұраныс көбейе бастағанын байқаған соң өзінің жеке кәсібін ашуды ұйғарған. Бүгінгі таңда кәсіпорын облыстағы ірі құбыр дайындайтын цехтардың біріне айналған.
– Екібастұздағы жағдайдан кейін тапсырыс көбейе бастады. Мәселен, өткен жылы 1-5 миллион теңгелік жобалар түссе, бүгінгі таңда олар 50 есеге өсті деп айта аламын. Осы кәсіпті дамытуыма көмек беріп, қолдау көрсеткен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына алғыс білдіргім келеді, – дейді «Salling Plast Qazaqstan» ЖШС басшысы Ержан Жабаев.
«Salling Plast Qazaqstan» ЖШС – диаметрі 32-ден 1020 мм-ге дейінгі полиэтилен және мырышталған қаптамада полиуретанды көбікпен жылу оқшауланған құбырларды өндіруге және сатуға маманданған Павлодар облысының заманауи жоғары технологиялық кәсіпорны. Зауыттың қуаты жылына 85 000 метр құбыр және 12 000 дана фасонды бұйым шығаруға есептелген.
Айта кету керек, 2023 жылы кәсіпорын «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде айналымдыларды толықтыруға несие алды. Бағдарлама бойынша мөлшерлеме 21,75% құрады. Кәсіпкер 8% төлейді, ал 13,75 пайызы – мемлекеттік субсидиялар. «Даму» қорының кепілдік мөлшері 172,5 миллион теңгені құрады.