Баянауылдық өнер иесі: Атығай Шанин жоқтан бар жасайтын еді
Драматургтың 120 жылдығына орай еске алу кеші өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, режиссер, актер, драматург Атығай Шаниннің 120 жылдығына орай «Киелі өнер иесі» атты әдеби музыкалық кеш өтті.
Ол 1905 жылы Баянауыл ауданының қазіргі Жұмат Шанин атындағы ауылында дүниеге келген. 1932 жылы Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы жұмысшы жастар театрында актер әрі драматург, кейін Павлодар театрының көркемдік жетекшісі әрі газет қызметкері болып істесе, 1938 жылы Қарағанды драма театрында актер әрі режиссер болып тағайындалды. Театр сахнасында көптеген белді рөлдерде ойнап, бірқатар спектакльдерді сахналады. 1943 жылдан бастап Қарқаралы колхоз-совхоз театрының режиссері болып қызмет атқарды.
1980 жылдары Баянауыл ауданың тумасы Мәшім Жамбы Атығай Шанинмен танысып, театр шаңырағында бірге жүріп, өнерге жақындай түскен.
– Ол кездері Қарқаралыға отбасы жағдайымен көшіп келдім. Мен Атығай Шанин атамызды қартайған шағында көрдім. Жолдасым Болат Тезекбаев «Беу, жігіттер» ансамблінің әншісі болған, ал мен «Салтанат» ән би ансамбьлінің жүргішісі едім. Атығай Шаниннің қойған спектакльдеріне қатыспасам да, театр мамандығын алмасам да ол кісіден тәлім ала отырып, театр саласын бітіріп шыққандай дәрежеге жеттім, – деді Мәшім Жамбы.
ҚР Мәдениет саласының үздігі, Баянауыл халық театрының режиссері Мәшім Жамбы драматургтың ықпалымен халық әнін айта бастаған.
– Ол кісі менің Баянауылдың қызы екенімді біліп, өзіне жақын тартатын. Атығай Шанин атамыздың жоқтан бар жасап шығаратын адам екенін көрдім. Кішкентай ұжымы болса да, адамдармен сөйлесуі, бауырмалдықпен түсіндіруі, педагогикалық ұстаздық деңгейі жоғары болды, – деді Мәшім Жамбы. – Ұмытылмастай із тастап кеткен, өнердің қазанында қайнап, кереметтей қылып, келешек ұрпаққа өнерді қалдырған аталарымыздың өнері ешқашан да өшпесін.
Атығай Шанин басқарған жылдары халық театры сексеннен астам спектакльді сахналады. Солардың ішінде «Қыз Жібек», «Беу, қыздар-ай», «Тергеу аяқталды», «Алдар көсе», «Шұға», «Досымның үйленуі», «Біздің Ғани», «Өзіме де сол керек», «Айман-Шолпан», «Қамар сұлу», «Той боларда», «Ақсақал аң-таң», «Қызыл сұңқарлар» т.б. спектакльдері халықтың шынайы ықыласына бөленді. Осындай қажырлы еңбегі үшін Атығай Шанинге 1967 жылы Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері құрметті атағы берілді.
Іс-шара барысында жергілікті әнші-домбырашылардың орындауында әндер шырқалады. Сондай-ақ, актердің жеке заттары мен құжаттары қойылған шағын көрме ұйымдастырылады.
Фото: Есенжол Исабек