Павлодарда пәтерінде шу шығарған көрші жазаланды

Павлодарда пәтерінде шу шығарған көрші жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыста тыныштықты бұзудың 5 мыңнан астам фактісі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстанда түнгі уақытта тыныштық сақтау режимі қолданылады. Бұл уақытта шулауға болмайды, ал ережені бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. 2025 жылы өңірде түнгі тыныштықты бұзғаны үшін азаматтар 5 мыңнан астам рет жауапқа тартылған.

Мәселен, Павлодар қаласының полициясына сағат 01:50-де Қайырбаев көшесіндегі үйдің тұрғыны көршісіне шара қолдануды сұрап, хабарласқан.

— Жұмыстан шаршап келдім, тынығамын деп ойладым, бірақ мүмкін болмады. Көршім алкогольдік мас күйінде әйелімен ұрысып, аяқпен тарсылдатып, шу көтерді, – деді қоңырау шалушы.

Сол түні сағат 00:45-те Кривенко көшесіндегі көпқабатты үйден тағы бір хабарлама түсті. Қоңырау шалушы көршілерінің пәтерінде қонақтар көп екенін, олардың баспалдақ алаңына шығып, қатты сөйлесіп жатқанын айтты. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары барлық түнгі тыныштық бұзушыларды жауапкершілікке тартты.

— Біздің еліміз – құқықтық мемлекет, ал түнгі уақытта тыныштықты сақтау ерекше маңызды кезең. Қарапайым ережелерді сақтау арқылы сіз құқық бұзушы атанудан және жағымсыз салдардан аулақ бола аласыз. Ең алдымен, бұл — көршілерге құрметпен қарау және олардың тынығуға деген қажеттілігін түсіну. Түнгі уақытта музыканың және теледидардың дауысын азайтыңыз. Алдағы кеш өткізуді жоспарласаңыз, көршілерді алдын ала хабардар етіңіз. Рұқсат етілмеген уақытта шулы жөндеу жұмыстарын жүргізбеңіз. Өз құқықтарыңыз бен міндеттеріңізді білу айыппұлдардан құтқарып, айналаңыздағы жайлылықты арттырады. Тыныштықты сақтаңыз, көршілерді құрметтеңіз — сонда баршамызға өмір тыныш және жайлы болмақ, — деп атап өтті облыстық полиция департаментінде.

Егер сіз құқықбұзушылықтың куәсі болсаңыз, «102» нөміріне хабарласыңыз, «Police 102» мобильді қосымшасын пайдаланыңыз немесе dp_pavlodar Instagram парақшасына direct арқылы жазыңыз.