Павлодар облысында екі ауыл алкогольден толық бас тартты

Павлодар облысында екі ауыл алкогольден толық бас тартты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полиция бастамасы тұрғындардың қолдауына ие болып, ауылдарда тәртіп пен тыныштық орнаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Байсалды ауыл» бастамасы Ертіс өңірінің елді мекендерін қамтып, тату әрі қауіпсіз қоғамдастық қалыптастыруға ықпал етеді. Ақсу қаласы полициясының жобасын екі ауылдық округ – Сольветка мен Құркөл әкімдері қолдаған.

– Ауыл тұрғындары бір-біріне құрметпен қарайды, мал өсіреді, балаларды тәрбиелейді, барлығы дерлік жұмыспен қамтылған. Ауылдарда достық пен татулық орнаған. Ақсақалдар тәжірибесін пайдаланып, ауылды абаттандыруға белсенді атсалысатын жастарға үлгі көрсетеді: ағаш отырғызады, сенбіліктер мен басқа да іс-шараларға қатысады, – деді Ақсу қаласы ПБ бастығының міндетін атқарушы Айдар Сламбеков.

Полиция өкілдері мұндай ауылдардың саны артатынына үміттенеді. Тәртіп сақшылары қылмыссыз қоғам құру бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Тұрғындар учаскелік инспекторлар Зубилла Отгонзул мен Әділхан Бексолтанға тыныштық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі еңбегі үшін алғыс білдіруде.

– Тұрғындардың алкогольден саналы түрде бас тартуы және қоғамдық қауіпсіздікке баса назар аударуы ауылдың дамуына ықпал етіп отыр. Жергілікті дүкен иелері мен тұрғындар салауатты өмір салтын әдейі таңдады. Көшеде мас адамдар болмайды, барлығы жұмыспен айналысады және тәртіпті өмір сүреді. Алкогольден бас тарту қылмыстардың, құқық бұзушылықтардың және отбасылық жанжалдардың болмауына әсер етті. Жүйелі жұмыстың арқасында соңғы жылдары ауылдарда бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ, – деп мәлімдеді тәртіп сақшылары.

Ауыл тұрғындары алкогольден бас тартқаннан бері өздерін әлдеқайда қауіпсіз әрі жайлы сезінетінін, елді мекендерде тәртіп пен тыныштық орнағанын айтады.