Асайын Байханов Иса Байзақов атындағы филармонияның жұмысымен танысты
Ол өнер ұжымдарының жетістіктерін атап өтіп, музыкалық жабдықты жаңартуды тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияда 280 адам еңбек етеді — әртістер, музыканттар, режиссерлер және техникалық қызмет мамандары. Мұнда биыл 35 жылдығын атап өтіп жатқан қазақ халық аспаптар оркестрі, аты аңызға айналған джаз және симфониялық оркестрлер, камералық хор, «ЛАД», «Ретро», «Нұр», «Шернияз» ансамбльдері мен 20-дан астам жеке орындаушы жұмыс істейді. Қыркүйек айында филармония 84-концерттік маусымын мазмұнды бағдарлама және жаңа жобалармен ашқан.
Мекеменің бай тарихы жайлы облыс әкіміне павлодарлық зерттеуші, деректанушы, «Павлодар құпиялары: уақыттан тыс тарихтар» жобасының авторы Салауат Игликов баяндады. Ол Алматыдағы орталық мұрағаттан табылған сирек материалдарды таныстырды. Құжаттар Павлодарда Қазақ мемлекеттік филармониясының филиалы 1941 жылы болғанын дәлелдейді. Табылған жәдігерлер арасында филармонияның құрылуы туралы құжат пен депутаттар кеңесінің грамотасы бар.
Филармония орналасқан ғимараттың тарихы да тереңде. 650 орындық нысан 1963 жылы теміржолшылар мәдениет үйі ретінде салынған. 1999 жылдан бастап мұнда облыстық «Шанырақ» халық шығармашылығы мен мәдени ойын-сауық орталығы жұмыс істеді, ал 2020 жылдан бері ғимарат филармония ұжымының шаңырағына айналды. Қазір мұнда жеке мұражай ашу бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Иса Байзақовтың 125 жылдығына орай мұражай қорына ақын Татьяна Окольничная көпес Матагановтың көне пианиносын сыйға тартты. Ол 1990 жылы филармонияға Иса Байзақов есімін беруге атсалысқан Қанапия қажының отбасымен достық байланыста. Бүгінде болашақ мұражайдың қорында 2000-нан астам жәдігер бар, олардың арасында күнделіктер, гусли аспабы және Майра Шамсутдинованың шәкірті Хусаин Рамазановтың қалпына келтірілген баяны бар.
Филармония ұжымы мекемеге көрсетіліп жатқан қолдау үшін облыс әкімі Асайын Байхановқа алғыс білдірді. Биыл көктемде филармония гастрольдік сапарларға арналған жаңа автобуспен қамтамасыз етілді.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында «Нұр» би ансамблі Оңтүстік Кореяда өткен Дүниежүзілік халық өнері фестивалінде Қазақстан атынан сәтті өнер көрсетіп, жүлделі орын алды. Сондай-ақ этно-фольклорлық «RUH EthnoMix» тобы Түркияда өткен Дельфий ойындарына қатысты. Топ жетекшісі Мәди Төлеев Йондон қаласындағы Yeongdong World Traditional Music & Arts Expo көрмесіне қатысқан. Ал филармонияның жас солисі Әлижан Қазбеков Бішкекте өткен халықаралық байқауда I орынды иеленді.
Иса Байзақов атындағы филармония академиялық және халықтық бағыттарды біріктіріп, дәстүрді сақтап әрі заманауи өнерді дамыта отырып, өңірдің мәдени және рухани өмірінің маңызды орталығы болып қала береді. Мұнда концерттермен қатар ағартушылық және ғылыми-зерттеу жұмыстары да жүргізіледі.
– Павлодар филармониясы – өңірдің мәдени жүрегі. Мұнда тарихқа құрметпен қарап, сонымен қатар жаңа, шабыттандыратын өнер туындыларын батыл жасап, алға ұмтылуда. Өнерді қолдау мен мәдениетті дамыту – біздің айнымас басым бағытымыз, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Сондай-ақ әкім филармония әртістеріне арналған музыкалық жабдықты жаңарту мәселесін пысықтап, оны келесі жылдың басында сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырды.