Екібастұз ауылдық аймағында наубайхана іске қосылады
Өңірде кәсіпкерлік бастамалар қарқынды дамуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Солнечный ауылындағы болашақ наубайханаға іссапармен барды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша аталған жобаны іске асыруға ағымдағы жылы 27 млн теңге мақұлданды. Қаражат ғимаратты жөндеуге, сондай-ақ қажетті жабдыққа жұмсалады. Бір партия үшін 180 орамға дейін нан пісіру жоспарлануда. Наубайхананың ашылуының болжамды мерзімі – 2025 жылдың сәуірі. Ғимараттың екінші бөлігінде балалар ойын алаңын жабдықтау жоспарлануда. Ауыл тұрғындарының айтуынша, халық арасында қажеттілік бар.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға жеңілдікпен кредит алуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы өңірде барлығы үш жоба мақұлданды, 10-ға жуығы қаралу сатысында.
– Сондай-ақ, қайта құру аяқталу сатысында тұрған бассейнге бардым. Қазір соңғы жұмыстар жүргізілуде. Естеріңізге сала кетейін, бұл жоба «Samruk-Kazyna Trust» қаржыландыруының арқасында жүзеге асырылуда, – дейді әкім.
Оның айтуынша, бассейннің ашылуы желтоқсан айының соңына жоспарланған. Бұрын айтылған мерзімдерден артта қалғанына қарамастан, нысанды жаңғырту бөлігінде үлкен жұмыс атқарылды.
Екібастұз қаласының басшысы бассейннің ауыл тұрғындары үшін маңызды орын болатынына сенімді.