Екібастұзда мектеп лагерінің жабдықталуы тексеріледі
Оған әлеуметтік желіде тараған хабарлама себеп болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Желі қолданушысы № 35 мектепте ата-аналар лагерьлерге жиналмалы кереуетті өздері әкелуі тиіс екенін, ал басқа мектептер өздері ұсынатыны туралы жазған.
– Білім беру бөліміне барғанымызда мектеп директорына жіберді. Барлық мектепте қаржыландыру болған және барлығы жазғы лагерьге дайын екенін хабарлаған. Директорға барудың мәні жоқ екенін түсінемін. Себебі, барлығына ереже ортақ және балама кері әсері тие ме деп алаңдаймын, – деп жазған хаттың авторы.
Бұл жағдайға қатысты Екібастұз қалалық білім беру бөлімінде ата-аналарға демалыс форматын таңдау ұсынылатынын хабарлады.
– Балалардың күндізгі ұйқымен, яғни толық күн немесе ұйқысыз, толық емес күн болуы қарастырылған. Ата-аналардың алдын ала құрылған өтінімдеріне сүйене отырып, қажеттіліктер тізімдері мен жабдықтар қалыптастырылады. Сіздің өтінішіңіз бойынша мектептегі лагерьдің жабдықталуын анықтаймыз, – дейді бөлімде.
Еске сала кетейік, аймақта 1 маусымда мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын бастайды.