Павлодарлық оқушылар компьютерлік жобалар арқылы университет грантын ұтып алды

Павлодарлық оқушылар компьютерлік жобалар арқылы университет грантын ұтып алды

Олар төрт ел арасында өткізілген халықаралық байқауға қатысып, 450 оқушының арасында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мәліметінше, Астанада 16-18 желтоқсанда «INFOMATRIX ASIA-2023» халықаралық компьютерлік жобалар байқауының қорытынды кезеңі өтті. 

 ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткен  жарыс ағылшын тілінде алты бағыт бойынша ұйымдастырылды: Робототехника-FLL Challenge және Arduino Hackathon, компьютерлік бағдарламалау, компьютерлік графика және өнер, қолданбалы ғылыми жобалар, қысқаметражды фильмдер, қолданбалы математика жобалары.

Байқаудың негізгі мақсаты – IT саласындағы ғылыми зерттеушілікке қызығушылық танытатын дарынды жастарды анықтау, қолдау және дамыту, жаңа жобаларды әзірлеу, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және шығармашылық тәжірибе алмасу.

Нәтижесінде павлодарлық команда екі алтын және үш қола медалін еншіледі. 

Дарынды қыздарға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушылары Дәрия Мүсүр мен Аружан Махамматали I дәрежелі дипломдармен және алтын медальдармен марапатталды.

Ақсу қаласының Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің 10,11-сынып оқушылары Рабиға Бавархан мен Анель Құрманғалиева және Екібастұз қаласының №13 жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Дарья Гарбузовскаяға ІІІ дәрежелі дипломдар мен қола медальдар бұйырды. 

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіне білім гранттары табыс етілді.