Екібастұз – Павлодар тасжолында макулатура тиелген жүк көлігі өртенді
Құтқарушылар тіркемеден шыққан өртті сөндірді, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Екібастұз – Павлодар автожолында макулатура тиелген жүк көлігінің тіркемесінен өрт шыққан.
Оқиға туралы хабарлама 112 қызметіне түскен. Шақырту бойынша өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жедел жетті. Құтқарушылар жалынды толық сөндіріп, оның әрі қарай таралуына жол бермеді.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға өрт байқалған жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласу қажеттігін ескертеді.