Павлодарда терроризм туралы жалған хабар берген оқушыға іс қозғалды

Павлодарда терроризм туралы жалған хабар берген оқушыға іс қозғалды
ЖИ иллюстрациясы

Жасөспірім спорт залында қараусыз қалған телефон арқылы жедел қызметке қоңырау шалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Polisia.kz мәліметінше, Павлодарда мектеп оқушысы жоспарланып отырған терроризм актісі туралы жалған хабар берген. Полиция қызметкерлері қоңырау түскен нөмірді анықтап, оқиғаның мән-жайын тексерді.

Белгілі болғандай, жасөспірім сабаққа кешігіп келген. Спорт залында қараусыз жатқан телефонды көріп, сол арқылы жедел қызметке хабарласқан. Ол терроризм актісі дайындалып жатқанын айтқан.

Оқушы өз әрекетінің қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін ойламағанын жеткізген.

– Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған жасөспірім заңды өкілдерінің бақылауына тапсырылды, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Полиция мұндай жалған хабарламалар үшін заңда қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Атап айтқанда, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сонымен қатар жалған қоңырауға байланысты жедел қызметтердің жұмсаған шығындары өтелуі тиіс. Бұл жағдайда шығындарды жасөспірімнің заңды өкілдерінен өндіру мәселесі қаралады.

Тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларға мұндай әрекеттердің салдарын түсіндіруге шақырды. Жедел қызмет нөмірлеріне тек нақты көмек қажет болған жағдайда хабарласу керектігін ескертті.