Павлодарда жасанды интеллект көмегімен жаңа қосымша әзірлеуге болады

Павлодарда жасанды интеллект көмегімен жаңа қосымша әзірлеуге болады
Фото: Асқар Ғазизов

Тегін IT мектебі жас буынды даярлауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс тұрғындары бағдарламалау негіздерін меңгеріп, жасанды интеллект көмегімен жеке цифрлық өнімдерін әзірлеуге кірісті. Қаладағы Tomorrow School кампусы осы бағытта білім беріп келеді.

Бастама ғылым, білім және инновация салаларын дамытуға бағытталған мемлекеттік міндеттермен үндеседі. Бұл – Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді Торайғыров университетінде жүзеге асыруға бағытталған жұмыстардың бірі. Мұнда білім алушылар заманауи технологияларды игеріп қана қоймай, ғылыми-техникалық идеяларын нақты цифрлық өнімге айналдыруды үйренеді.

Кампус жетекшісі Ильдар Асановтың айтуынша, қалада жұмысын бастаған төрт ай ішінде төрт қарқынды оқу курсын ұйымдастырған.

– Қазір IT – ең жылдам дамып келе жатқан салалардың бірі. Сондықтан бағдарламалау тілін меңгеріп, код жаза алу жеткіліксіз. Жасанды интеллектіні жұмыс барысында тиімді пайдалану да маңызды. Ол адамның орнына жұмыс істемеуі керек, керісінше, оның қабілетін арттырып, уақытын үнемдеуге көмектесуі тиіс, – деді ол.

Мәселен, сайт иесіне тәулік бойы тұтынушылардың сұрақтарына жауап беретін кеңесші қажет делік. Ол бірнеше қызметкер жалдаудың орнына, қажетті ақпаратты нейрожеліге енгізіп, чат-ботты іске қоса алады. Сондай-ақ ауқымды деректерді сараптауды да осы технологияның көмегімен жеделдетуге болады.

Дегенмен нейрожелілерді пайдалану дайын сервистерге жазылумен ғана шектелмейді. Олардың қызметі өңделетін ақпарат көлеміне қарай ақылы болуы мүмкін. Ал техникалық білімі бар әзірлеушілер мұндай модельдерді өз серверіне немесе компьютеріне орналастырып, қажеттілігіне қарай баптай алады. Бұл деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ақпаратты сыртқы платформаларға жібермеуге жол ашады.

Кампусқа тек IT саласында еңбек етуді қалайтындар ғана емес, өз кәсібін технология арқылы дамытуды көздейтін азаматтар да келеді. Мысалы, жақында мұнда заңгер мамандығы бойынша білім алған тұрғын оқыған. Ол қолданыстағы құқықтық сервистердің жұмысын жетілдіріп, әріптестері мен клиенттеріне пайдалы болатын жеке цифрлық шешім әзірлеуді жоспарлап отыр.

– Әр саланың өз мәселесі бар. Сол бағытты жақсы білетін адам қандай қиындықты шешу керегін де түсінеді. Мысалы, заңгер қолданыстағы сервистердің кемшіліктерін байқап, оларды қалай жақсартуға болатынын біледі. Егер бағдарламалауды меңгерсе, өз идеясын нақты өнімге айналдыра алады, – деді кампус жетекшісі.

Сонымен қатар, Ильдар Асанов жасанды интеллектінің қателесуі мүмкін екенін ескертеді. Оның сөзінше, әмбебап нейрожелілер барлық салаға бірдей бейімделе бермейді. Сондықтан оларды нақты бағыт бойынша үйретіп, арнайы сүзгілер мен маманның тексеру тетіктерін енгізу қажет. Мұндай шаралар қателесу ықтималдығын азайтқанымен, оны толығымен жоя алмайды.

Оқуға ниеттілер алдымен бір айлық іріктеу кезеңінен өтеді. Бұл уақытта олар жасанды интеллектіні қолданбай, бағдарламалаудың бастапқы дағдыларын игереді. Осы аралықта әр қатысушы IT саласында әрі қарай дамуға дайындығын бағалай алады. Сынақтан сүрінбей өткендер екі жылдық негізгі оқуға қабылданады.

Алайда жеке өнімін іске қосу үшін екі жыл күтудің қажеті жоқ. Кампус жетекшісі Астанадағы тәжірибені мысалға келтірді. Онда кейбір студенттер бір жыл немесе одан сәл артық уақыт оқығаннан кейін-ақ өз әзірлемелерін жасап, нарыққа шығарған.

Айта кетейік, Tomorrow School бастамасы Astana Hub пен облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Білім алу толығымен тегін. Биылғы қабылдау аяқталған, келесі жылы қайта жалғасады. Үміткерлер онлайн тіркеледі: алдымен арнайы есте сақтау ойынын ойнап, сауалнаманы толтырады. Өтінім бірнеше күн ішінде қаралады.