Екібастұзда полицейлер жолдағы жолаушыларға құрам мен ауызсу таратты
Ол ауызашар уақытында үйіне жетіп үлгермеген қала тұрғындарына үлестірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласында полиция қызметкерлері ауызашарға санаулы минуттар қалғанда қайырымдылық акциясын өткізіп, жүргізушілерге су мен құрма таратты. Тәртіп сақшылары қала көшелерінде автокөлік жүргізушілерін тоқтатып, оларға ауыз ашуға арналған шағын жиынтықтар табыстады. Акция ауызашар уақытын жол үстінде қарсы алып, үйіне үлгермеген азаматтарды қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
- Бастама «Global Wine Ekibastuz» компаниясының серіктестігімен іске асты. Компания өкілдері қасиетті айда игі іске үлес қосуға қуана келісті. Жүргізушілер тәртіп сақшыларына көрсеткен ықыласы мен қамқорлығы үшін алғыс білдіріп, ораза кезінде жолда жүргендер үшін мұндай қолдаудың маңызы зор екенін жеткізді, - делінген хабарламада.
Мұндай іс-шаралар қоғамдағы бірлік пен өзара құрметті нығайтып, Рамазан айының басты құндылықтары - мейірімділік пен жақынға көмек көрсету екенін тағы бір мәрте еске салады.