Павлодарлық жас жігіт алаяқтық жолмен шымкенттік қарияның мүлкін иемденген

Павлодарлық жас жігіт алаяқтық жолмен шымкенттік қарияның мүлкін иемденген

Ол жасы жетпіске таяған әйелдің баспанасын сатқызып, атына несие рәсімдеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Шымкент қаласы полиция департаментінің мәлімдеуінше, Әл-Фараби АПБ-ның «102» арнасы арқылы жергілікті тұрғын (азаматша) арызданған.

- Ол өз арызында, бөгде азамат екінші дәрежелі банктердің бірінен 480 000 (төрт жүз сексен мың) теңге несие рәсімдеп, кейін сеніміне кіре отырып, әйелдің өзіне тиесілі үйін 14 000 000 (он төрт миллион) теңгеге сатқызған. Түскен қаржының барлығын алаяқтық жолмен иемденіп кеткенін айтып, шағымданды. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 14 480 000 (он төрт миллион төрт жүз сексен мың) теңгені құрап отыр, - делінген хабарламада.

Аталған дерек ҚР ҚК-тің 190-бабы 1-бөлігімен (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматты тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Павлодар қаласының 36 жастағы тұрғыны болып шықты. Белгілі болғандай алаяқ  жұмыссыз, бұрын-соңды сотты болмаған.

Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергені анықталды. Тергеу жұмысы жалғасып жатыр.