Екібастұздық оқушылар әскери шеберліктерін көрсетті

«Жас ұлан» әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша қалалық жарыс №9 мектеп стадионында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Турнирге тоғыз команда қатысып, АК-74 қаруын шашып-жинау, спринт, ату және күш жаттығулары бойынша шеберліктерін көрсетті. Қатысушылардың қауіпсіздігін және ережелердің сақталуын АӘД пәні мұғалімдері, әскери комиссариат өкілдері мен интернационалист жауынгерлер қамтамасыз етті.
Жарыс қатысушылары алдында сөз сөйлеген қалалық мәслихаттың төрағасы Нияз Макраев мұндай іс-шаралардың патриоттық сана мен елге деген сүйіспеншілікті қалыптастырудағы маңызына назар аударды.
– Бұл жарысқа біз мұқият дайындалдық. Біздің мақсатымыз – жоғары нәтиже көрсету, ал жеңіс ең жақсы дайындалған командаға бұйырсын, – деді №2 мектептің АӘД пәні мұғалімі Азамат Бексейітов.
Ауған соғысы ардагерлері екібастұздық өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға ерекше мән береді. Бұл жолы да олар болашақ Отан қорғаушыларын қолдау үшін келді.
– Біздің басты мақсатымыз – жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу. Біз мектеп оқушыларымен де, студенттермен де жұмыс істейміз, оларды спортқа және әскери дайындыққа шақырамыз. Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдаймыз, – деді «Екібастұз қаласы Ауғанстан ардагерлері одағы» ұйымының жетекшісі Санат Рыспаев.
Әскери-патриоттық іс-шаралар балалардың үлкен қызығушылығын тудырады, олар мұндай жарыстарға белсене қатысады. Қарумен жұмыс істеу дағдыларын үйрену, оны қолына ұстап көру және өздерінің физикалық дайындықтарын көрсету – жасөспірімдер үшін қызықты әрі пайдалы тәжірибе.