Екінші жастық шақ: Павлодарлық зейнеткерлер өздерін театр актері ретінде сынауда

@Pavlodarnews.kz тілшісі қарт болса да, бірақ әлі күші тасып тұрған өнерпаздармен сұхбат құрып, зейнет жасында театрда қалай ойнауға болатынын білді.
Театрға «Алдар көсе» атауын қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» бірінші басшысы Фарида Белгібаева берді.
– Мен келген кезде клубтар ұйымдастырылып тұрды. Режиссуралық білімім бар болғандықтан, мені орталыққа театр клубының жетекшісі болуға шақырды. Ойлана келе мен келісімімді бердім. Ол кезде бізді жаттықтырушы дейтін, қазір – жетекші деп атайды. Осылайша мен театр клубында жұмыс істей бастадым, – дейді «Алдар көсе» театрының жетекшісі Лариса Проненко.
Бұған дейін ол балаларға арналған театр үйірмесінде жұмыс істеді. Бүлдіршіндермен қойған қойылымдарын қазіргі күні ересектерге бейімдеп, түрлі сахналарды қойып жатыр.
– Мен бүкіл өмірімді балалармен жұмыс істеуге арнадым. Біз олармен ертегілер қоятынбыз, содан кейін мен ойладым: неге осы жанрды ересек актерлермен де қолданбасқа? Біз «Шұбар тауық» ертегісінен бастадық. Біздің әртістер өз рөлдеріне соншалықты еніп кетті, тіпті қайтадан балаға айналғандай әсер қалдырды. Жақында ауылда өнер көрсеттік, спектакльді көрген балалар: «Ересектер мықты ойнайды екен!» деп айтты, өйткені актерлер өте көңілді ойнады, – деді театр режиссері.
Оның сөзінше, белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мерейтойында әртістер «Теремок» қойылымын қойды. Ол қойылымда орталықта адамдар қалай өмір сүретіні баяндалды. Бұл спектакль бір рет қана көрсетілсе де, есеп беру концертінде тағы да қою жоспарларында бар.
Театрдың басты ерекшелігі, олар «синхронная буффонада» жанрында өнер көрсетеді.
– Алдымен біз дауыстарды жазып, аудиоға түрлі дыбыстарды қосып монтаждаймыз. Кейін одан дайын спектакль құрастырамыз. Сахнада актерлер қойылымды жазбаның көмегімен ойнайды. Бұл қатысушылар санаторийге кеткенде немесе немерелерімен үйде болу керек жағдайда қатты көмектеседі. Осылайша кез келген адам сахнаға шығып, тез арада өнерлі ортаның мүшесі бола алады, – деді спикер.
Үйірме жетекшісінің сөзінше, актерлерді белгілі бір өлшемшарттар бойынша таңдап алмайды. Көп жағдайда режиссер өзінің ішкі түйсігіне сүйенеді.
– Ойымда спектакль пайда болғанда, бірден кім қандай рөлді ойнай алатынын іштен сезініп тұрамын. Тіпті басқа клубтан болса да, барып: «Сен осы рөлді ойнайсың» деп айтамын. Кейде рөл дәл сол адамға арналды ма деп ойланып тұрам, бірақ ойын барысында әртіс одан да керемет ашылып, жоғары деңгейде ойнап шығады. Қатысушылардың өзі де жиі күмәнданады: «Жоқ, мен істей алмаймын» деп. Кейін сахнаға шығып, рольге еніп кеткенін өздері де сезбей қалады, – деді Лариса Проненко.
Әртістер көбінесе балалар үйлерінде, қарттар үйлерінде және дағдарыс орталықтарында өнер көрсетеді. Әр қойылымға арналған костюмдерді өздері әзірлейді.
– Менде киімнің үлкен қоймасы бар: бір нәрсені өзім жеңілдіктермен сатып аламын, бір бөлігін қыздар әкеледі. Кей жерлерде өзіміз тігеміз, кей жерден жалға аламыз. Мысалы, «Қыз бала мен көлеңке» спектаклі үшін жануарлардың бас киімдері керек болды – оны «Алтын кілт» балалар орталығынан сұрадық. Осындай ынтымақтастықтың арқасында спектакль қоюға мүмкіндік туды, – деді театр жетекшісі.
Лариса Проненконың сөзінше, әр қойылымды әзірлеуге түрлі уақыт жұмсалады.
– Менде бөлінген сағаттарым аз, бірақ қойылымды дайындағанда, оны күндіз-түні ойлап жүремін, шыққанша тыныштық таппаймын. Премьера кейінге қалса, өте қиын болады, өйткені бір нәрсені аяқтап, екіншіге кіріскім келеді, – деді қойылым режиссері.
Бүгінгі күні «Алдар Көсе» театры – тек сахна мен костюм ғана емес, ересектердің өз бойынан бала мінезін қайта ашып, көрерменнің қуаныш пен ғажайыпқа сенім табатын кеңістік.
Фото: Лариса Проненко