Павлодар облысында тұрғын үйге кезекке қою және бөлу тәртібі түсіндірілді
2025 жылғы 24 мамырдан бастап Қазақстан Республикасының тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң күшіне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осыған сәйкес Отбасы банкіне ұлттық даму институты мәртебесі берілді. Банктің негізгі функциялары азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою, кезекті жүргізу және тұрғын үйді бөлу болып табылады. Аталмыш мекеме Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңына сәйкес тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру, жалдамалы тұрғын үйді бөлу, сондай-ақ жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асырады.
– Айта кету керек, қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне Қазақстан Республикасының барлық азаматтары тұра алады. Заңда кезекке қою кезінде санаттық бөліністен бас тарту қарастырылып, барлық азаматтарға тең құқық берілген. Бұл ретте соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйдің болмауы, тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын тек бір рет пайдалану мүмкіндігі талаптары сақталуы тиіс, – деді Павлодар облыстық Отбасы банк филиалының директоры Талғат Баилов.
Облыс бойынша деректерге сүйенсек, Kezekte.kz платформасынан Orken.Otbasy.kz жүйесіне деректер базасын көшіру 2025 жылғы 24 мамырда басталып, 13 тамызда аяқталған. Көшіру кезінде кезекте тұрғандар саны 25 701 адамды құрады. 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Павлодар облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың жалпы саны 36 252 адамға жеткен. Оның ішінде 10 160 адам тұрғын үй алуға басым құқыққа ие санаттарға жатады. Атап айтқанда, 3 738-і – жетім балалар, ал 6 422 адам әлеуметтік осал топтарға кіреді.
– Сонымен қатар, 9 676 адам – санатсыз кезекте тұрғандар, яғни 2025 жылғы 24 мамырдан кейін кезекке тіркелген азаматтар. Бұдан бөлек, 16 416 адам басқа санаттарға жатады: толық емес отбасылар, жасына байланысты зейнеткерлер, мемлекеттік қызметшілер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, – деді Талғат Баилов.
Талдау нәтижелері бойынша, кезекте тұрғандардың негізгі бөлігі Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларына тиесілі – шамамен 88 пайыз. Басым құқыққа ие азаматтардың, оның ішінде жетім балалар мен әлеуметтік осал топтардың үлесі 28-30 пайыз. Ауылдық жерлерде кезекте тұрғандар саны аз, бірақ тұрғын үйге деген қажеттілік облыс бойынша сақталып отыр.
Тұрғын үй бөлу белгіленген пропорциялар бойынша жүргізіледі.
– Қазіргі таңда бөлінетін тұрғын үйдің 70 пайызы басым құқыққа ие азаматтарға беріледі. Оның ішінде 20 пайызы – жетім балаларға, 50 пайызы – әлеуметтік осал топтарға тиесілі. Қалған 30 пайыз тұрғын үй өзге санаттағы азаматтарға бөлінеді. Мысалы, егер 100 пәтер бөлінсе, оның 20-сы жетім балаларға, 50-і әлеуметтік осал топтарға, ал 30-ы басқа санаттағы азаматтарға беріледі, – деп нақтылады Талғат Баилов.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тұрғын үймен қамтамасыз ету аса маңызды мәселе екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдар үшін бұл бағытты басым міндеттердің бірі ретінде белгілеп отыр. Бұл бағыттағы жұмыс бірнеше бағытта жүргізіледі: әлеуметтік тұрғын үйді бөлу, мемлекеттік тұрғын үй қорын пайдалану және коммерциялық тұрғын үй құрылысын дамыту. Жалпы алғанда, бұл жүйе кешенді түрде, бір арнада дамуы тиіс.
– Сонымен қатар, бірқатар проблемалық мәселелер бар. Атап айтқанда, ережелер өзгерді. Кезекте ұзақ жылдар бойы тұрған азаматтар бар – кейбірі 10-15 жыл және одан да көп уақыт күтуде. Соңғы үш жылда кезек айтарлықтай қысқарғанымен, мәселе толық шешілген жоқ. Әсіресе, 2000-жылдардың басында кезекке тұрған азаматтар бар. Мысалы, 2002-2003 жылдары тіркеліп, шамамен 20 жыл күткен жағдайлар кездескен, – деді Асайын Байханов.
Талғат Баилов тұрғын үйді бөлу кезінде қолданылатын негізгі критерийлерді түсіндірді.
– Бірінші критерий – кезекке қойылған жыл. Іріктеу ең алдымен осы көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Екінші критерий – адам факторынсыз жұмыс істейтін автоматтандырылған жүйе алгоритмі. Мұнда отбасы құрамы ескеріледі: көпбалалы отбасы, жетім балалар немесе басқа санаттар жеке-жеке қарастырылады. Үшінші критерий – тұрғын үйдің ауданы. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңының 75-бабына сәйкес, бір адамға 15-тен 18 шаршы метрге дейін қарастырылады. Бұл талап та жүйе алгоритміне енгізілген, – деді ол.
Мысалы, жалдамалы тұрғын үйді бөлу кезінде, белгілі бір нысан бойынша бағдарлама автоматты түрде тізімді сұрыптайды. Егер тек бір бөлмелі, шамамен 30 шаршы метрлік пәтерлер болса, жүйе алдымен жалғыз тұратын азаматтарды, мысалы, жетім балаларды іріктейді. Ал көпбалалы отбасыларға үлкенірек тұрғын үй пайда болғанша уақытша кезек берілмейді. Яғни жүйе белгіленген параметрлер бойынша қатаң жұмыс істейді.
Талғат Баилов бағдарламаның жұмысында кейбір кемшіліктер бар екенін мойындайтындарын жеткізіп, қазіргі уақытта оларды жетілдіру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын атап өтті.