EKIBASTUZ CUP: Екібастұзда ат спорты түрлерінен ірі турнир өтті

EKIBASTUZ CUP: Екібастұзда ат спорты түрлерінен ірі турнир өтті
Фото: ұйымдастырушылардан

Жарысқа Қазақстанның өңірлерінен және жақын шетелден келген жүйріктер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қалалық ипподромында өңірдегі ең ауқымды спорттық шаралардың бірі – EKIBASTUZ CUP турнирі ұйымдастырылды.

Турнир бағдарламасына 1200, 1600, 1800 және 2000 метр қашықтықтағы тегіс бәйгелер, көкпар және 18 шақырымдық аламан бәйге енді. Жарысқа Павлодар облысымен қатар Батыс Қазақстан, Алматы, Ақмола облыстарынан, сондай-ақ Алматы, Астана қалалары мен Қырғыз Республикасынан келген шабандоздар қатысты.

Турнир қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бөлініп өткізілді. Бұл әділ әрі кәсіби бәсекенің қалыптасуына мүмкіндік берді.

Күннің алғашқы жарысы – 1600 метрлік Zhenis Cup бәйгесі болды. Оған Орталық Азияда туған үш жасар сегіз жылқы қатысты. Фавориттердің қатарында маусым бойы тұрақты нәтиже көрсеткен Милтан аталды. Сонымен бірге Абадан Зор, Аль Каир, Жел Жайлау, Марапат, Бұхара және Ақ Мандай секілді жүйріктер де бақ сынады.

Екінші жарыс – 1800 метр қашықтықтағы Ekibastuz Gran Prix бәйгесіне 12 үш жасар жылқы қатысты. Жеңіске басты үміткерлер ретінде Дат Секьюрити, Атлас Бой, Шахрисабз және Баязид көрсетілді. Дат Секьюрити өткен маусымдағы сәтті өнерінің арқасында фаворит саналды. Ал Атлас Бой мен Баязид бұған дейін де жүлделі орындардан көрінген.

1200 метрлік Ekibastuz Sprint Cup күннің ең жылдам әрі тартысты жарысына айналды. Бұл бәйгеде Сала да Балло, Лайт тзе Торч және Козмик Дон сынды мықты спринтерлер өнер көрсетті. Өткен маусым чемпионы Козмик Дон басты фавориттердің бірі болса, Сала да Балло Қазақстандағы үздік спринтерлердің қатарында саналады.

Турнирдің негізгі жарысы – екі мыңметрлік Ekibastuz Cup болды. Бұл бәйгеде Роузензу, Батухан, Фаридон және басқа да тәжірибелі жүйріктер бақ сынады. Халықаралық жарыстарда топ жарған Роузензу көптің назарында болды. Сонымен қатар Вестерн Поинт, Плюмо және Геродот секілді сәйгүліктер де бәсекені қыздырды.

Турнир 18 шақырымдық аламан бәйгемен қорытындыланды. Ұзақ қашықтықтағы бұл жарыста Қазақстанның әр өңірінен келген төзімді жылқылар сынға түсті. Мұнда шабандоздардың тактикасы мен жүйріктердің шыдамдылығы шешуші рөл атқарды.

– Тегіс бәйгелерге 41 жылқы, ал бәйге жарыстарына 23 жүйрік қатысты. Бәйгеге қатысқан балалар-шабандоздарға арнайы жас және салмақ талаптары қойылды: олар кемінде сегіз жаста болып, салмағы 28 келіден төмен болмауы керек. Ал тегіс бәйгелерге 18 жастан асқан кез келген адам қатыса алды, – деді ұйымдастырушылар.

Жеңімпаздарға Hyundai автокөліктері мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Екінші орын алғандар екі миллион теңге, үшінші орын иегерлері бір миллион теңге алды.

1600 метрлік Zhenis Cup бәйгесінде Алматыдан келген Абадан Зор жеңіске жетті. Жөкей Күрішбек Дидарбектің басқаруындағы жүйрік Hyundai Elantra автокөлігін иеленді.

1800 метрлік Ekibastuz Gran Prix жарысында Атлас Бой топ жарды. Даурен Жүсіпов басқарған сәйгүлікке Hyundai Sonata берілді.

1200 метрлік Ekibastuz Sprint Cup бәйгесінде Лайт тзе Торч мәреге бірінші болып жетті. Жөкей Даурен Жүсіпов Hyundai Mufasa автокөлігін жеңіп алды.

Екі мың метрлік басты Ekibastuz Cup жарысында Роузензу жеңімпаз атанды. Жөкей Олжас Абдыхамитке Hyundai Santa Fe табысталды.

Ал 18 шақырымдық аламан бәйгеде Алматыдан келген Маржан жүйрігі үздік шықты. Жокей Ержан Нұрсұлтан командасына бас жүлде – Hyundai Tucson автокөлігін алып берді.

EKIBASTUZ CUP турнирі өңірдегі ең ірі ат спорты додаларының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жарыс ұлттық және классикалық ат споры түрлеріне қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.