Павлодар облысында 115 мыңнан астам оқушыға заң талаптары түсіндірілді

Павлодар облысында 115 мыңнан астам оқушыға заң талаптары түсіндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мектептерде интернет-алаяқтық, буллинг және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

8 қазанда Павлодар облысының білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған бірыңғай күн өтті. Іс-шара «Адал азамат» және «Заң және тәртіп» бағдарламалары аясында ұйымдастырылды.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарованың айтуынша, профилактикалық шаралар өңірдің барлық мектебін қамтыды.

– Бүгін облыстың барлық білім беру ұйымдарында осындай кездесулер ұйымдастырылды. Негізгі назар интернет-алаяқтыққа, ұсақ бұзақылыққа, төбелеске және қоғамдық орындардағы тәртіпке аударылды. Біздің мақсатымыз – балаларға өз әрекеттері үшін жауапкершілікті түсіндіріп, құқық бұзушылықтың алдын алу, – деді Алма Айтуарова.

Бірыңғай күнге прокуратура, полиция, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, денсаулық сақтау саласының мамандары және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты. Жалпы іс-шараға облыстағы 362 мектептен 110 мыңнан астам оқушы тартылды.

Павлодардағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі мектепте оқушылар үшін бірнеше тақырыптық алаң ұйымдастырылды. Бастауыш сынып оқушылары жолдағы және интернеттегі қауіпсіздік ережелерімен танысты. Орта буын оқушылары қаржылық сауаттылық, адалдық және жанжалдарды бейбіт жолмен шешу мәселелерін талқылады.

Ал жоғары сынып оқушыларына әкімшілік жауапкершілік, құқық бұзушылықтың салдары, кибербуллинг, лудомания, вейпинг және дропперліктің қауіптілігі түсіндірілді. Кездесулер дәрістермен шектелмей, пікірталас, викторина және практикалық тапсырмалар түрінде өтті.

Алма Айтуарова құқық бұзушылық тек мектеп қабырғасында ғана емес, қоғамдық орындарда да жасалуы мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан оқушылардың заң алдындағы жауапкершілікті түсінуі маңызды.

– Біз балаларымыздың болашақта заңға бағынатын, адал азамат болып өскенін қалаймыз. Олар өз әрекеттеріне жауап беріп, өмірде дұрыс жолды таңдай білуі керек. Мұндай жұмыстың маңызы да осында, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Бірыңғай күн барысында «Жас сақшы» сыныбының оқушысы Ерхан Ержан да өз ойымен бөлісті.

– Мектебімізде Арли Харки атындағы «Жас сақшы» сыныбының ашылуы мен үшін үлкен қуаныш. Бұл сыныпта батылдыққа, тәртіпке, жауапкершілікке және Отанды сүюге үйренемін деп сенемін. Осында оқу – мен үшін үлкен мәртебе. Болашақта халқыма қызмет ететін азамат болғым келеді, – деді оқушы.

Бұған дейін @Pavlodarnews.kz Павлодардағы №41 мектепте қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция аға лейтенанты Арли Харки атындағы «Жас сақшы» сыныбы ашылғанын хабарлаған еді.

Бірыңғай күннің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер арқылы балаларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, заң бұзушылықтың салдарын алдын ала ұғындыруды көздейді.