Экстремизм, киберқылмыс: Павлодарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Оған оқушылар мен студенттер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында полицейлер экстремизмнің, киберқылмыстың және наркограффитидің алдын алу бойынша дәріс өткізді.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары экстремизм мен терроризм ұғымдарын түсіндіріп, радикалды идеологияны таратқаны, тыйым салынған ұйымдарға қатысқаны, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде экстремистік материалдарды орналастырғаны және сақтағаны үшін жауапкершілік бар екенін ескертті.
- Жиында киберқылмыс мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жастарға интернеттегі кең таралған қауіптер, алаяқтық схемалар, жалған аккаунттар мен әлеуметтік желілер арқылы арбау тәсілдері туралы толықтай мағұлмат берілді. Дәріске қатысушыларға цифрлық қауіпсіздікті сақтау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеу қажеттігі қатаң ескертілді, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ есірткі заттарын жарнамалайтын және интернет-дүкендерге сілтемелері бар ғимараттар мен құрылыстардағы заңсыз жазулар – наркограффити мәселесі талқыланды. Тәртіп сақшылары мұндай жазуларды тарату әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын атап өтті.
Кездесу соңында полиция қызметкерлері жастарды қырағы болуға, интернеттегі арандатуларға ермеуге және құқыққа қайшы фактілерге тап болса бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.