Баянауылда құны 2 миллион теңге тұратын белдік көрмеге қойылды
Бұл белдікті жасаған зергер Берік Әлібаевтың Астанада жеке музейі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ескелді шатқалында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойына орай ұйым дастырылған қолөнершілер өз туындыларын жұртшылық назарына ұсынды. Оның ішінде түрлі ұлттық бұйымдар, киізден басылған киімдер, әртүрлі формадағы жастықтар, күміс пен алтыннан жасалған әшекейлер бар. Ал көрмедегі ең қымбат бұйым – күмістен жасалған белдік.
– Бүгінгі көрмеге екі белдік алып келдім. Бірі – алтын жалатылған күміс болса, екіншісі – таза күмістен жасалған. Күміс белдікті екі жарым миллион теңгеге бағаладым. Ал алтын жалатылған күміс белдік 2 миллион теңге тұрады. Олардың айырмашылығы көлемінде, – дейді зергер Берік Әлібаев.
Зергер Астана қаласынан арнайы мерейтой үшін келген. Оның айтуынша, зергерлік өнермен өмір бойы айналысып келеді. Атасынан қалған өнерді бүгінде шәкірттеріне үйретуде.
Көрмеге алыс өңірлерден келгендер де бар. Мәселен, Қызылорда облысынан келген қолөнерші Айдана Әлайдарова көрмеге киізден жасалған бұйымдарын қойған. Ол бұл киімдер мен бұйымдардың медициналық көмегі де көп екенін айтады.
– Қызылорда қаласында киіз басу өнерін үйретіп, насихаттап жүремін. Мерейтойға арнайы шақырған соң, киізден жасалған бұйымдарды ала келдім. Киізден, аяқ киім, байпақ, тақия, ойыншық, көрпе басамын. Бір тақияны жасау үшін 3 сағат жеткілікті, – дейді қолөнерші Айдана Әлайдарова.
Сонымен қатар, көрмеде қолдан жасалған қамшы, ертоқым, бәкі сынды заттар сатылымға қойылды. Мерейтойға Астана, Қызылорда, Абай, Көкшетау қалаларынан саудагерлер шақырылған.