Павлодар облысында бір тәулікте жүзден астам жүргізуші жылдамдықты асырған
Бір тәулікте барлығы 200-ден астам ереже бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны мен полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының инспекторлары тәулік бойы көшелер мен аулаларды, сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдарды патрульдеген.
Нәтижесінде жылдамдық режимін сақтамағаны үшін 34 жүргізуші жауапқа тартылды. Ал, «Кибер шериф» автоматты жүйесі жылдамдықты арттырудың 73 фактісін анықтады. Жолды белгіленбеген жерден өткені үшін 10 жаяу жүргінші, қауіпсіздік белдіктерін тақпаған 6 жүргізуші тіркелді.
Сонымен қатар, өткен тәулікте мас күйінде рөлге отырған 5 жүргізуші ұсталды. Одан бөлек, 14 автокөлік айып тұрағына қамалды.
- Мәселен, Омбы-Майқапшағай автожолында полиция қызметкерлері «Мерседес-Бенц» маркалы маршруттық таксиді тоқтатты. Салонды тексеру кезінде 60 жастағы жүргізуші газ баллондары мен жанғыш қоспаны тиісті құжаттарсыз тасымалдағаны анықталды, - деді облыстық ПД ЖПҚ басқармасы басшысының орынбасары Азамат Құркебаев.
Көлікте қауіпті заттарды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 621-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Фото: Константин Шелков