Екібастұзда бірегей зауыттың іске қосылуы: машина жасаудың жаңа дәуірі

Зауыт Қазақстанды ұста-құрсау өнімдерімен толық қамтамасыз етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұста-құрсау кешені RWS KZ теміржол машина жасау кластерінің құрамына кіреді. Зауыттың іске қосылуымен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен облыс әкімі Асайын Байханов танысты.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты 160 мыңнан астам бірлікті құрайды: локомотивтерге арналған 88 мың қара құрсау, ірі тісті дөңгелектердің 25 мың дайындамасы, 36 мың қаралтым локомотивтік және вагондық біліктер, 9400 илектелген доңғалақ центрі, екі мың деформация құралының соғылмасы.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, жобаға 125 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды, 600 жаңа жұмыс орны құрылды.
– 2021 жылдың қараша айында Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Проммашкомплект» зауытына барып, өндірісті одан әрі жергіліктендіру, сондай-ақ құрсау кешенін кеңейту бойынша тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма орындалды деуге толық негіз бар. Бұл жобаның жүзеге асырылуы жеке инвестор мен мемлекеттік органдардың табысты өзара іс-қимылының жарқын үлгісі. Жүздеген екібастұздық жоғары ақы төленетін жұмыспен қамтылатын болады. Кәсіпорындағы орташа жалақы 495 мың теңге деңгейінде жоспарлануда, – деді Асайын Байханов.
Кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті компанияларға, әсіресе шағын және орта бизнеске қосымша тапсырыстар алуға мүмкіндік береді. Тапсырыстар көлемі жылына 100 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Бұл жобаның арқасында облыс бюджетіне салық түсімдері тоғыз миллиард теңгеге артады. Бұл қаражат инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға және кеншілер қаласын абаттандыруға бағытталатын болады.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсаин Нағаспаев атап өткендей, өндіріс өнеркәсіптегі отандық үлесті арттыруға бағытталған және ел үшін стратегиялық маңызы бар.
– Бұрын импортталған компоненттерді қазақстандықтармен алмастыра алатынымыз қуантады. Сонымен қатар, кешен экспортқа бағдарланған, ал вагон біліктері, локомотивтік құрсаулар, дөңгелек центрлері, тісті дөңгелектер сияқты өнім түрлерін жергіліктендіру деңгейі импортқа тәуелділікті төмендетуге және түптеп келгенде ұлттық экономиканы нығайтуға ықпал етеді, – деді министр.
Railways Systems KZ басқарма төрағасы Сергей Павлингер жоба аясында үш өндірістік желі жұмыс істейтінін хабарлады. Өнімнің ассортименті 160 түрлі бұйымнан тұрады – құрсаулар, жетекші тістегершіктер, тазартылмаған біліктер, қаптама сақиналар.
– Бүгінде Қазақстан тау-кен машиналарына, экскаваторларға, тракторларға арналған қосалқы бөлшектердің айтарлықтай тапшылығын сезінуде. Тау-кен өндіру саласындағы көптеген корпорациялармен, олардың ішінде «Қазақмыс», Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі, ERG және «Богатырь Көмір» сияқты ірі компаниялармен алдын ала келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ шетелдік кәсіпорындармен келіссөздерді жалғастырудамыз, – деп бөлісті Сергей Павлингер.
Холдингте атап өткендей, теміржол кластерінде үш мыңнан астам жұмыс орны бар. Алайда кадр тапшылығы өзекті мәселе болып қалуда. Оны шешу үшін әлеуметтік бағдарлама әзірленді.
– Біздің қызметкерлерімізді ұстап тұру және қолдау мақсатында биыл 15 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жоспарланған. Біз екі спорт кешенін іске қостық. Болашақта қызметкерлердің балаларына арналған балабақша салуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде 72 білікті маман отбасы Екібастұзға көшіп келді. Сондай-ақ жергілікті колледждермен ынтымақтасамыз және кадрларды өздігімізден даярлау және дамыту үшін оқыту бағдарламасын іске қосқымыз келеді, – деді Сергей Павлингер.
Зауыт жоғары сапалы өнімді үлкен көлемде шығаруға мүмкіндік беретін заманауи автоматтандырылған жабдықтармен жабдықталған. Озық технологияларды енгізу және өндірістік процестерді автоматтандыру жоғары өнімділікті, бұйымдардың сенімділігін және өндірістің экологиялық тазалығын қамтамасыз етеді.
Холдингте хабарлағандай, кәсіпорында робот техникалық жүйелерді, өндірістік желілерді автоматтандыруды және өнім сапасын бақылау мен жақсартуға арналған талдау құралдарын қамтитын Industry 4.0 тұжырымдамасы енгізілуде.