Екібастұзда автомобиль жолдарын зақымдау фактілері анықталды

Кеншілер қаласында полицейлер жолдарды тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімшілік полиция бөлімі жол-техникалық инспекциясының қызметкерлері көше-жол желісінің сақталуын қамтамасыз ету және рұқсат етілмеген жер жұмыстарына байланысты бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жеке сектордың көше-жол желісін кешенді тексеру жүргізді. Жол жабындысының зақымдануы мен уәкілетті органдармен келісімінсіз жүргізілген қазбалардың анықталуына ерекше көңіл бөлінді. Мұндай әрекеттер инфрақұрылымға зиян келтіріп, жол қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
– Нәтижесінде жеке тұлғалар тарапынан құқық бұзушылық фактілері тіркелді. Құқық бұзушыларға қатысты жол-техникалық инспекция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 630-бабы, 1- бөлімі бойынша — «автомобиль жолдарын зақымдау және оларды сақтау талаптарын бұзу» фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, – дейді департаментте.
Аталған іс-шаралар көлік тәртібінің деңгейін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және көше-жол желісінің тиісті жай-күйін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу профилактикалық шеңберінде өткізілді.