Екібастұзда жол ережесін бұзған екі жүргізушінің көлігі арнайы тұраққа қойылды

Екібастұзда жол ережесін бұзған екі жүргізушінің көлігі арнайы тұраққа қойылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полицейлер әлеуметтік желідегі бейнежазбадан кейін екі жас жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, олар Екібастұз қаласының 19 және 22 жастағы тұрғындары болып шықты.

Жас жігіттердің бірі ВАЗ-2114 автокөлігін басқарған. Полицияның мәліметінше, көлікті пайдалануға рұқсат етілмегеніне қарамастан, жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпай, қарсы қозғалыс жолағына шыққан.

Екінші жүргізуші Mercedes автокөлігінің рөлінде отырып, болған жағдайды видеоға түсірген. Сонымен қатар ол көлік қозғалысы кезінде тиісті гарнитурасыз ұялы телефон пайдаланған.

Жасалған құқық бұзушылықтар бойынша екі жүргізушіге қатысты барлығы бес әкімшілік материал толтырылып, айыппұл салынды. Көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды.