Ауруханаға түскен: Павлодар облысынан Бурабайға демалуға кеткен балалар толық сауықты
Ақмола өңіріндегі жеке меншік лагерьде орын алған жағдайға қатысты түсінік берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шілде айының басында Бурабайдың «Эдельвейс» жазғы лагеріне демалуға келген павлодарлық оқушылар жаппай ауруханаға түскен болатын. Бұл оқиға туралы қалалық мәслихат депутаты Гүлжайна Даримова өзінің Instagram парақшасында жариялады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова жағдайдың мән-жайын ашып, түсініктеме берді.
– «Жаздық жолдама» бағдарламасы бойынша Павлодар облысынан аталмыш лагерьге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 96 бала және ауылдық жерлерден 100 бала тәрбиешілермен бірге жіберілді. Олар Успен, Ақтоғай, Железин, Ертіс аудандары мен Ақсу, Павлодар қалаларынан. Лагерьге келген бойда барлық бала медициналық тексеруден өтті, – деді Роза Ақанова.
Оның сөзінше, 6 шілдеде басында 46 бала ауруханаға түскені туралы ақпарат жариялаған болатын. «Эдельвейс» лагерінің медбикесі балалардың қасында болмаған. Лагерь басшылығы медбикенің жақын туысы қайтыс болғандықтан, жұмыс орнында болмаған деп түсіндірді.
– Балалар уланбаған, инфекция да болмаған. Жағдай белгілі болған кезде өзім сол лагерьге барып, тексердім. 23 бала – Щучинск, ал қалған 23 бала Көкшетау ауруханасына жеткізілген болатын. Дәрігерлер балаларға әр түрлі диагноз қойған – тонзиллит, ЖРВИ, фарингит. Бүгінде олар толығымен сауығып, ауруханадан шығарылды ,– деп атап өтті спикер.
Роза Ақанованың айтуынша, ауруханаға тек Павлодар облысынан ғана емес, басқа өңірден да бес бала түскен.
– Әрине, балаларды лагерьге жібермес бұрын олар баратын мекеменің санитарлық эпидемиологиялық қорытындысын тексереміз. Балалардың қауіпсіздігі мен медициналық қызметкердің жанында болуы – басты назарға алынатын мәселе, – деді спикер.
Облыстық білім беру басқармасы Павлодар қаласы балаларды қолдау орталығы басшысының міндетін атқарушыға аталмыш жағдай туралы шұғыл түрде ақпарат бермегені үшін сөгіс жариялады. Дәл осындай тәртіптік жаза Успен ауданының балаларды қолдау орталығының директорына оның еңбек демалысы аяқталған уақытта қолданылады.