Екібастұзда әкімдік МАЭС-3 құрылысына жер учаскелерін жеті есе қымбатқа алмақ болған

Кінәлі лауазымды тұлғалар жазаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының прокуратурасы МАЭС-3 құрылысына арналған жерлерді сатып алуға бөлінген бір миллиард теңгеден астам бюджет қаражатының шығындалуына жол бермеді.
– Екібастұз қаласының әкімдігі ауылдық аймақтағы ауданы 25 және бес гектар екі учаскеге бағалау жүргізген, алайда ұқсас жер үшін құны едәуір жоғары қалалық жерлердің бағалары пайдаланылған, – деді облыстық прокуратурада.
Нәтижесінде нақты құны 126 миллион болатын екі учаске бюджетке 1 001 197 999 теңгеге шығын келтіре жаздады.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша бюджеттік өтінім кері қайтарылды. Учаскелердің меншік иелерімен оларды сатып алу туралы келісімдер жойылды, кінәлі лауазымды тұлғалар жазаланды.