Ақсуда оқушыларға тыйым салынған заттарды сақтаудың салдары түсіндірілді
Ювеналды полиция инспекторлары жазғы лагерьде демалушы балалармен профилактикалық кездесу өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шараның мақсаты – балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Кездесудің негізгі тақырыбы тыйым салынған қару-жарақ пен өзге де қауіпті заттарды алып жүрудің, сақтаудың және пайдаланудың заңды салдары болды.
Полицейлер нақты мысалдар арқылы ойланбай жасалған әрекеттердің әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін түсіндірді.
– Біздің басты міндетіміз – балаларды қорқыту емес, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Жасөспірімдер рұқсат етілген әрекеттердің шегін нақты түсініп, өз ісіне жауап бере білуі тиіс, – деді Ақсу қаласының ювеналды полиция инспекторы Лаура Құрманғалиева.
Сонымен қатар оқушыларға қоғамдық орындардағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, өзгені құрметтеу мен жауапкершіліктің маңызы айтылды.
Кездесу соңында жасөспірімдер полиция қызметкерлеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық мәселелер бойынша кеңес алды. Полицейлер мұндай кездесулердің жазғы демалыс кезеңінде тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.