Екібастұздағы мектептің жарты ғасырлық мерейтойы аталып өтті
№5 жалпы орта білім беру мектебі 1974 жылы жұмысын бастаған , деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мектеп басшысы Аманжол Еренұлының ұйымдастыруымен 50 жылдық тарихы бар мектептің мерейтойы қалалық Естай атындағы музыкалық мектепте аталып өтті. Мерекеге аталмыш мектепте оқып, тәлім-тәрбие алған түлектер, мектепте әр кезеңдерде еңбек еткен ұлағатты, ардагер ұстаздар қатысты.
– Қаншама тарихи жолды басынан кешкен қара шаңыраққа басшылық жасаған ұлағатты ұстаздар, мектеп ұжымымен қоян-қолтық жұмыс істеп, сан мыңдаған балалардың қолына қалам ұстатудан бастап үлкен өмір жолына жолдама беріп, ақ жол тілеген қаншама ұлағатты ұстаздардың бүгінде өмірден озғандары бар. Оларды ұрпақтары ұмытпасын деген ниетпен “Қалдырған ізің мәңгілік.. ” атты бейнежазба көрсетілді, – дейді Аманжол Еренұлы.
Мерейтой қарсаңында «№5 мектепке - 50 жыл» атты арнайы медаль шығарылып, келген қонақтарға, ардагер ұстаздарға табысталды. Сондай-ақ, ұстаздар қауымы әртүрлі Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттармен марапатталды. Кеш соңында ұстаздар ұжымының орындауындағы «Ұстазым» хоры талайды тамсандырды. Тіпті жиналған қауым орындарынан тұрып, әнге қосылып, қошеметтерін білдірді.