Павлодар облысында адам құқықтары мәселесі талқыланды
Әкімдік пен ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл арасында ынтымақтастыққа қол қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде Асайын Байхановтың төрағалығымен актив өтті. Оған ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, прокуратура, соттар, полиция департаменттерінің, қылмыстық-атқару жүйесінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ, қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты. Асайын Байханов өткен жылы «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңының қабылданғаны азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін кеңейткенін атап өтті.
– Бұл әділетті мемлекет құруға жасалған аса маңызды қадам деп санаймын. Біз үшін басым бағыт – адам құқықтарын қорғау, мұқтаж жандарға көмек көрсету болып табылады. Бұған өңірдің мемлекеттік органдары өз жұмыстарында ұмтылуда, – деді Асайын Байханов.
Кездесу барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Қазақстандағы адам құқықтарының ағымдағы жағдайы, омбудсмен институтының жұмысы мен міндеттері туралы баяндады.
Артур Ластаев отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, балаларға көрсетілетін қатыгездіктің және зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейту қажеттігіне баса назар аударды. Құқық қорғау органдарын тергеудің объективтілігі мен бейтараптығын қамтамасыз етуге, қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты озбырлық фактілерін болдырмауға шақырды.
Павлодар облысында азаматтардың құқықтарын қорғаудағы және билік органдарына деген сенімді арттырудағы маңызды фактордың бірі – бұл өтініштердің мерзімдері мен қаралу сапасына жүйелі бақылауды қамтамасыз ету болып танылды. Өңірде азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу бойынша экожүйе қалыптастырылды, «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі белсенді қолданылады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Қолжетімді полиция» және «Цифрлық полиция» жобалары енгізілді.
Қазақстан Республикасының Конституциясымен және халықаралық актілермен кепілдендірілген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі бірлескен күш-жігердің маңыздылығы мен тиімділігін назарға ала отырып, кездесу соңында Омбудсмен және Павлодар облысының әкімі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумда адам құқықтарын сақтау және халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау саласындағы өзара іс-қимылды күшейту бойынша бірқатар мәселелер көзделген.