Ертіс ауданында оқушыларға экологиялық тәрбие берілді
Ш. Уалиханов атындағы орта білім беру мектебінде «Таза Қазақстан» тақырыбында сынып сағаты өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Салтанат Какеева оқушыларға қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіруді, табиғатты аялауға, тазалық сақтауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған сабақ ұйымдастырды.
– Қазіргі таңда қоршаған ортаның тазалығы – бүкіл адамзат үшін маңызды мәселелердің бірі. Осыған орай өткізілген «Таза Қазақстан» тақырыбындағы сынып сағаты оқушыларға табиғатты қорғаудың мәнін терең түсіндіруге бағытталды. Іс-шара барысында оқушылар экологиялық мәдениеттің маңызын ұғынып, туған жердің тазалығын сақтау – әр азаматтың борышы екенін сезінді, – дейді ұстаз.
Сынып сағаты барысында табиғатты ластаудың себептері мен оның адам өміріне тигізетін зияны талқыланды. Оқушылар өз ойларын ортаға салып, қоршаған ортаны қорғау жолдары туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, тазалықты сақтау, қоқысты сұрыптау, табиғатқа жанашырлықпен қарау сияқты маңызды дағдыларға ерекше көңіл бөлінді.
Іс-шара оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырды және олардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етті. «Таза Қазақстан» ұраны тек сөз емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс маңызды қағида екені ерекше атап өтілді.