Павлодарлық студенттер сыбайлас жемқорлыққа қарсы квест-ойында тартысқа түсті
Оған Торайғыров университетінің барлық факультеттерінің шәкірттері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ЖОО-да халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында бірнеше кезеңнен тұратын «AntiParaCraft – 2023» квест-ойыны өтті.
Студенттерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта бейнероликтер түсіру бойынша үй тапсырмасы берілген болатын. Жастар ойын барысында «KAHOOT» интерактивті ойынын ойнап, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайларына негіздеме берді.
– Аталмыш квест-ойын сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жаңа әдісі ретінде жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, парасаттылық пен академиялық адалдық қағидаттарын тәрбиелеуге және дамытуға белсенді тартуға бағытталған, – деп атап өтті ойын ұйымдастырушылары.
Ойын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің, «Әділдік жолы» РҚБ ПОФ, университет басшылығының қолдауымен өтті. Шараны Торайғыров университетінің комплаенс-қызметі жастар саясаты және әлеуметтік жұмыс департаментімен бірлесіп ұйымдастырды.
Ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды инженерия факультеті, екінші орынды «Computer Science» факультеті және үшінші орынды ауыл шаруашылығы ғылымдары факультеті иеленді.