Ертіс ауданында оныншы мешіт ашылды
Бұл аудан бойынша 10-шы мешіт, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне Павлодар облысының бас имамы Жолдас Бертымұратов, Ақмола облысының бас имамы Сәбит Қуаныш және Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов бастаған облыс, ауданның билік өкілдері, құрметті азаматтары, ақсақалдар мен аналар қатысты.
Мешіттің ашылу рәсімі барысында Құран оқылып, имамдар халыққа уағыз-насихат айтса, басшылар ел мен жер, бейбітшілік, береке-бірлік, тыныштық туралы көңілге қонымды лебіздерін жеткізді. Келген қонақтарға арнайы ақ дастархан жайылып, жасы үлкендердің алғыс, бата тілектері айтылды. Салтанатты шара ұлттық күрес, ат жарыстарқа ұласты.
– Павлодар облысының орталығынан ең шалғайда орналасқан ауылдардың бір болып саналатын Қызылағаш аулына жаңа мешіттің ашылуы бізді де ерекше қуантады, – деді бас имам Жолдас Бертымұратов.
Жаңа мешітті осы ауылда туып өсіп, өмірін өткізген қадірменді ақсақал Зен қажы Зайырдың ұрпақтары салды. Мешіт құрылысы өте қысқа мерзімде тұрғызылып, халық игілігіне берілді. Яғни, биыл мамыр айында басталып қыркүйек айында аяқталды.
– Мешітке 100 адам сыяды. Ішінде намазхана, әйелдерге арналған жеке намазхана, кітапхана, балаларды оқытуға арналған бөлме, имамның жеке бөлмесі, дәретхана, мәйітхана бар. Мешітке имам болып ауылымыздың тұрғыны, Павлодар қаласындағы медресені аяқтаған Самат Кожамжаров сайланды, – дейді мешітті салған ұрпақтарының бірі Қанат Зенов.
Айта кету керек, жаңа мешіт Ертіс ауданы бойынша 10-шы, Павлодар облысы бойынша 108-ші мешіт болып тіркелуде.