Павлодарда «AMANAT» қатары 100 адаммен толықты
Партия қатарына қаланың алпауыт кәсіпорындарының жұмысшылары, көрнекті қоғам қайраткерлері, журналистер мен жастар өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Салтанатты рәсім Естай атындағы қалалық мәдениет үйінде өтті. Партияның қалалық филиалының төрайымы, партияның қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясының басшысы Санира Жүсіпова жаңа партияластарын құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.
Қалалық партия ұйымының басшысы әрбіреуіне партиялық билеттер мен партия жарғысын табыс етті. Жаңа «аманаттықтар» өз ойларын ортаға салды.
- Қатты толқып тұрмын әрі қуаныштымын. Партия қатарына сенімді түрде енгелі жатырмын. «AMANAT» - нақты істер партиясы, таңдауымды сол үшін жасадым. Барлығын құттықтап, партия басшылығына сенім білдіргені үшін алғыс айтамын, - деді «ERTIS» телеарнасының жүргізушісі Мөлдір Сағидолла.
«AMANAT» партиясына жаңадан енгендердің ішінде «Элит» гимнастика мектебінің директоры Мадина Мұқанова да болды. Ол қоғамға өз үлесін қосу мақсатымен партияға енуге шешім қабылдаған.
- «AMANAT» партиясына мүше болу мен үшін абырой. Ол сайлауда өзін ең жақсы жағынан көрсетті, жалпы ол еліміздегі жетекші партия. Көп нәрсе атқарылуда және мен осы партияның бір бөлшегі болуға бел байладым, - деді Мадина Мұқанова.
Жас әріптестерін партия ардагері Бақытжан Тезекбаева да құттықтады. Тәжірибелі партия мүшесі тарихтан сыр шертті. Оның айтуынша, қазақстандықтар артқан сенімді ақтайтын кез жетті. Сол себепті жастар Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетуге жұмылуы тиіс.
Кеш Иса Байзақов атындағы облыстық филармония және басқа да шығармашылық ұжымдардың әртістері әзірлеген концерттік бағдарламамен аяқталды.