Рысты Жұмабекова: «Депутат болып сайлансам, Екібастұз мәселесін қолға аламын»
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер, өзін-өзі ұсынушы Рысты Жұмабекова өзінің сайлауалды бағдарламасы туралы баяндап, БАҚ өкілінің сауалдарына жауап берді.
Бұрын Павлодар облысы әкімінің орынбасары болған Рысты Жұмабекованың сөзіне қарағанда, оның сайлауалды бағдарламасы әлеуметтік сала мәселелерін шешуге бағытталған. Өңірімізде ұзақ жылдар бойы аталмыш мәселеге жауапты болған кандидат қарапайым жұрттың мұң-мұқтажын жақсы біледі.
- Менің бағдарламам әлеуметтік мәселелерді шешуге негізделген, ол заңды, - дейді Рысты Жұмабекова. – Әлеуметтік сала дегеніміз қарапайым адамның қажеттіліктерімен жұмыс, бірінші кезекте, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын күшейту деген сөз. Білім беру саласында проблемалар жеткілікті. Бізге жан-жақты жетілген, мәдениетті, тәрбиелі, патриот азаматтар қажет. Оны кім тәрбиелейді? Әрине, ата-ана мен педагогтар.
Рысты Мағауяқызы денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді де жіті назар ұстайды. Кадрлар тапшылығын шешу депутат болып сайланған кандидаттың болашақ күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі.
- Облысымызда кадрлардың, оның ішінде білім беру және денсаулық сақтау саласы мамандарының басқа өңірлерге көшуі байқалады, - дейді ол. – Мамандарымыз бірінші кезекте Астанаға баруда, ол жақта павлодарлық кадрлар жоғары сұранысқа ие. Мен мұнымен мақтанамын. Десек те, Павлодар облысындағы кадрлар азаюда. Не істеу керек? Әлбетте, мамандарға жағдай жасау керек. 2005-2007 жылдары біз гранттар, баспана мен көтерме қаражат беретін едік. Ол өз септігін тигізді. Қазір біздің тәжірибемізді басқа өңірлер сәтті қолдануда.
Рысты Жұмабекова облыс әкімінің орынбасары болып істеген кезде өңірімізде 25-тен астам жаңа әлеуметтік нысан бой көтерді. Мысал үшін, Павлодарда диагностикалық орталы, «Астана» мұз сарайы, перинаталдық орталық, №2 қалалық емхана жұмысы жанданып, емханаға қымбат ангиометр орнатылды. Облыстық аурухананың жабылып қалған бөлімшелері қайта жұмысқа кірісіп, санавиация жаңғырды. Ақсу қаласы, Железин, Ертіс, Ақтоғай, Май, Тереңкөл аудандарында мектеп салынды. Баянауыл ауданында мектеп-интернат ашылды. Май ауданында аурухана, Екібастұзда шығармашылық орталық, Шарбақты ауданында спорт кешені және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым іске қосылды.
Рысты Жұмабекова қазіргі кезде де облыс жұртшылығы, әсіресе ауыл тұрғындары үшін біршама іс атқарылып жатқанын мойындайды. Мәселен, кандидаттың атамекені болып есептелетін Жолболды ауылдық округіне соңғы жыл ішінде 10 жас отбасы қайта оралған.
- Неге дейсіздер ғой? Ауылға су тартылып, жол жөнделді. Бұл игілік. Жастар туған жерлеріне оралуда. Алайда проблемалар әлі бар: жайылымдық жерлер тапшы. Бұл мәселені неге қолға алмасқа, мемлекет меншігіне тиімсіз пайдаланылып жатқан жер телімдерін қайтарып, бұл жұмысты күшейтпеске, - дейді Рысты Жұмабекова.
Депутаттыққа кандидаттың айтуынша, қазіргі жастар ел ертеңіне деген сенімді күшейтеді. Креативті, бастамашыл және мәдениетті жастар саны артып келеді. Аға буынның міндеті – сол жастарға жол сілтеп, проблемаларын бірлесе шешу.
- Қазір Парламентке жас, алғыр адамдар келе бастайды, мұны жақсылық деп қабылдаймын, - дейді кандидат. – Қоғам жаңару үстінде, жастар алға ұмтылуда. Алайда Парламентте жастар мен аға буын арасындағы баланс сақталуы тиіс. Онсыз депутаттық корпус алдындағы бар мәселелерді шешу мүмкін емес. Халық өзгерістерді күтіп отыр, және де осы сайлау халықтың сенімінен шығуы қажет. Қазір Қазақстан үшін шешуші кезең туып отыр. Адамдардың Жаңа Қазақстанға деген сенімін растап, оны демократиялық процесстердің ашықтығы мен әділетті сайлау арқылы дәлелдеуіміз керек. Сол кезде ғана біз алға қарай қадам басамыз. Меніңше, жаңа шақырылымдағы Мәжіліс Президенттің барлық бастамаларын шешуге көмек бере алатын тірек бола білуі шарт. Өмірден көрген-түйгені мол мен үшін мұндай тарихи оқиғалардан сырт қалуға болмайды. Менің жиған тәжірибем қоғамға зор пайдасын тигізеді деген сенімдемін.
Сөз соңында Рысты Мағауяқызы Мәжіліс депутаты болып сайланған жағдайда бірінші кезекте қандай міндетті қолға алатынын айтты.
- Әрине, бірінші кезекте, Екібастұздың мәселесімен айналысамын, - деді Рысты Жұмабекова. – Менің бұл мәселені шешуге күш-жігерім жетеді. Адамдарды ойлаңыздаршы, жас-кәрісі қазір суықта отыр. Бұл сұмдық қой. Оларды ойласам, жүрегім ауырады. Шыдамдылық пен елге деген сенімдері үшін екібастұздықтар алдында бас иемін. Егер депутат болып сайлансам, бұл мәселенің шешілуіне бар күшімді саламын.
Айта кетейік, Рысты Жұмабекова еңбек жолын аға пионер жетекшісі, Павлодар облысы Краснокутск (қазір Ақтоғай) ауданы Коминтерн (қазірде Жолболды) мектебінің мұғалімі болып бастаған. Қоғамдық қайраткер, педагогика әрі мемлекеттік қызмет ардагері әр жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, ҚР Денсаулық сақтау, білім беру және спорт министрлігінің Орта және кәсіптік білім беру комитетінің төрайымы болып істеген. ҚР Парламенті Мәжілісінің бірінші шақырылымындағы депутат болып сайланған.
Қазіргі кезде ол Отбасы және тұрғындарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша Республикалық қоғамдық кеңес мүшесі болып табылады.
Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Рысты Жұмабекованың сайлау қоры қаражаты есебінен төленді.