Павлодарда терезеден құлаған қыздың жағдайы белгілі болды

Павлодарда терезеден құлаған қыздың жағдайы белгілі болды
ЖИ иллюстрациясы

Төрт жастағы қыз ересектердің қарауынсыз қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқыс оқиға 18 тамызда Павлодар қаласында орын алған. 

— 2022 жылы туған қыз бала ересектердің қарауынсыз қалып, екінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кеткен. Политравма алған бүлдіршін облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, - делінген хабарламада.

Облыстық балалар ауруханасының мәлімдеуінше, қыз бала дәрігерлердің қарауынан өтіп, қажетті диагностикалық зерттеулерден өткен. Ауруханаға жатқызуға көрсетілімдер анықталмағаннан кейін, бала амбулаториялық бақылауға жіберілген.

Төтеншеліктердің айтуынша, жыл басынан бері Павлодар облысында балалардың терезеден құлап кетуінің 5 жағдайы тіркелген. 

Мамандар ашық терезе кішкентай бала үшін, тіпті, пәтер төменгі қабатта орналасқан болса да үлкен қауіп төндіретінін ескертеді. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар департаменті мынаны еске салады:

- кішкентай балаларды ересектердің қарауынсыз жалғыз қалдырмаңыз; 

- кереуеттерді, орындықтарды және басқа да жиһаздарды терезенің жанына қоймаңыз;

- балаларға терезені өз бетінше ашуға рұқсат бермеңіз;

- терезелерге арнайы балаларға арналған блокираторлар немесе шектеуіштер орнатыңыз;

- терезелер мен балкондардың қауіпсіздігін үнемі тексеріп отырыңыз.

Бірнеше секундтық немқұрайлылық қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.