«Ертіс орманында» Қызыл кітапқа енген гүлдер гүлдеді

«Ертіс орманында» Қызыл кітапқа енген гүлдер гүлдеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оларға зақым тигізгендер үшін жауапкершілік көзделген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерваты көктемнің көркіне бөленді. Қазір бұл аумақта сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар өсімдіктер – Қызыл кітапқа енген гүлдер жаппай гүлдеп тұр.

Резерват аумағында 247 түрлі өсімдік тіркелсе, соның ішінде жетеуі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Қазіргі кезде ерекше әсемдігімен көз тартатын көктемгі жанар гүлі, ашық-сары түсті сарғылт құндызшөп және көркем дала гүлі – ашық құндызшөп гүлдеп тұр. Бұл өсімдіктердің барлығы мемлекеттік қорғауға алынған.

– Оларды жұлғаныңыз, зақымдағаныңыз немесе жойғаныңыз үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделген. Бұл әрекеттер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 389-бабы мен Қылмыстық кодекстің 339-бабында нақты көрсетілген, – деді «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, ҚР ӘҚБтК-нің 389-бабы жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін, олардың бөліктерін немесе өнімдерін (дериваттарын) заңсыз иемдену, сақтау, өткізу немесе тасымалдау үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырады.

Бірінші рет жасалған жағдайда айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға – 10 (39 320), шағын кәсіпорындарға – 30 (117 960), орта кәсіпорындарға – 50 (196 600), ірі кәсіпорындарға – 70 АЕК (275 240 теңге). Барлық жағдайда заңсыз алынған өсімдіктер немесе жануарлар тәркіленеді.

Егер бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл екі есеге жуық өседі: жеке тұлғаларға – 20 (78 640), шағын кәсіпорындарға – 60 (235 920), ортаға – 100 (393 200), іріге – 140 АЕК (550 480 теңге).

ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды (олардың бөліктері немесе өнімдері – дериваттары) заңсыз иемдену, сақтау, өткізу, тасымалдау, жою және олардың мекендеу ортасын бүлдіру үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейді.

Бірінші рет жасалған құқықбұзушылық үшін айыппұл 3000 АЕК-ке (11 796 000 теңгеге) дейін, қоғамдық немесе түзету жұмыстары, не 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделеді.

Егер бұл әрекеттер бірнеше рет, алдын ала сөз байласу арқылы немесе қорғалатын аумақта жасалса, жаза 7 жылға дейін, ал ұйымдасқан топпен немесе аса ірі залал келтірілген жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.