Торайғыр ауылында қарақұрттарды жою жұмыстары жүргізілуде
Баянауыл ауданында қарақұрт шағудан зардап шеккендер анықталған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
6 тамыз күні Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Ксентаев Төтенше жағдайлар бөлімімен және төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия мүшелерімен бірлесе отырып, Торайғыр ауылында өрмекшілердің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысын өткізді.
– Қазіргі таңда Торайғыр ауылындағы қарақұрттарды жою жұмыстары жүргізілуде. Торайғыр көлінің бойындағы тастардың астынан, шөптер мен өсімдіктердің арасынан қарақұрт өрмекшілері, дернәсілдері мен кокондары табылды. 523 қарақұрт піллә және 124 аналық қарақұрт жиналып жойылды. Жергілікті тұрғындар мен демалушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, адам көп жиналатын орындарға ақпараттық ескерту баннерлері орнатылуда, – деді Баянауыл ауданының әкімдігінде.
Естеріңізге сала кетейік, қарақұрт шапқыншылығы Баянауыл ауданындағы Торайғыр ауылының маңында анықталды. Баянауыл ұлттық табиғи паркі мен Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Торайғыр ауылына барып, аумақты зерттеді.