Есірткі тапқанда ойнақтайды: Павлодарда иісшіл иттер қалай үйретіледі?

Кинологиялық қызмет орталығындағы иттер бес бағыт бойынша жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде 20 қызметтік ит бар. Оның 12-сі Павлодар қаласында, 8-і аудандарда қызмет атқарады. Жақында шаһардағы кинологиялық орталыққа екі бельгиялық овчарка күшігі келіп қосылды.
Облыстық полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор-кинологы Асхат Браленовтің айтуынша, иттер бес бағыт бойынша жұмыс істейді. Бұл – із кесуші, есірткі заттарын, жарылғыш заттарды іздеу, андрологиялық зерттеулер – ДНҚ иісін анықтау және шабуылдап ұстау.
– Қазіргі уақытта шабуылдап ұстайтын иттер жоқ. Алматыдағы республикалық орталыққа өтінім жібердік, күтудеміз. Есірткі іздейтін екі ит, жарылғыш заттарды іздейтін бір ит, андрологиялық бағыт бойынша жұмыс істейтін үш ит бар. Қалғандары – із кесушілер, – деді инспектор-кинолог.
Иттердің тұқымы – бельгиялық, неміс және лабрадор. Маманның айтуынша, лабрадорлар андрологиялық зерттеулерге жұмылдырылады, өйткені андрологиялық зерттеулер кезінде ит жуас болуы керек. Неміс және бельгиялық ит тұқымы есірткі, жарылғыш заттарды іздеуге жарамды. Ал із кесуге көбінесе неміс иттері үйретіледі.
Асхат Браленов 2017 жылғы Ж-Альдо атты иісшіл итпен тығыз жұмыс істейді. Оны 2018 жылы Тереңкөл ауданында жұмыс істеп жүргенде күшік кезінде өз қарамағына алған. Кейін 2022 жылы Павлодар қаласына ауысқан.
– Демалысқа шыққанда оны сағынамын және барып қарап кетемін. Ол тек менімен жұмыс істейді. Басты ерекшелігі осы. Егер демалыста болсам, ол да демалады. Полиция қызметінде жеті жылдан астам жұмыс істейді. Келесі жылы зейнетке шығады. Үйіме алып кетемін деп жоспарлап отырмын, – дейді кинолог.
Зейнетке шыққан иттерді өз иелері, яғни кинологтар алып кетеді. Бірақ егер мұндай мүмкіндік болмаса, уақытша иттерге арналған баспанаға беріледі немесе иттерді жақсы көретін адамдарды іздеп, соларға тапсырады. Негізі ондай адамдар кинологтардың таныстарының ішінен табылатын көрінеді.
Бұдан бөлек, маманның айтуынша, иттерді үйрету үшін бірнеше рет жаттығуларды қайталау маңызды. Күн сайын міндетті түрде итті 10-15 минут жаттықтырып, кейін екі сағатқа демалуға мүмкіндік береді. Кейін қайтадан жаттығу жасатады.
Әр бағыттың өзіндік үйрету әдісі бар. Мысалы, есірткі іздеп тапқан ит белсенді болады, ойнақтайды. Ол иісті тапқанын тырнау әдісімен көрсетеді. Ал жарылғыш заттарды іздейтін иттер бірдене сезсе, қатып қалуы керек. Яғни, ол қатып қалып, тіке сол жерге қарап тұрады, отыра қалады немесе жатады.
– Мысалы ит есірткі іздегенде өз ойыншығын іздейді. Ерте жастан бастап итті үйреткенде негізінен ойыншық қолданылады. Бұл ойыншықпен үнемі ойнайды және онда оның сілекейлері қалады. Итті үйреткен кезде ойыншықты жасырамыз, ол оны іздейді. Содан кейін екінші ойыншық қоса бастаймыз. Кейін ойыншықтың қасына есірткіні қоямыз. Сондай жаттықтырулардан кейін ойыншықты алып тастап, тек есірткіні қалдырамыз. Ит ойыншықтың иісін салыстырады және бөтен иісті бірден сезінеді. Иісті сезген кезде оны бірден тамақтандырамыз немесе ойыншықты лақтырамыз, сол арқылы итке дұрыс әрекет екенін және ол керек затты тапқанын білдіреміз, – дейді Асхат Браленов.
Яғни, ит есірткіні тапқан кезде жақын жерде ойыншық бар деп ойлайды екен. Мамандар дәмді ынталандыру әдісінде қолданады. Дұрыс әрекеті үшін шұжық немесе тәтті береді.
Жаттығу кезінде кинологтар есірткіні бір жерге қояды. Бұл ит иіскеп, есте сақтау үшін қажет. Жаттығу кезінде қораптардың орындарын ауыстырса да, есірткіні бір қораптың ғана ішіне салады. Өйткені қорапта иіс қалып қалады. Бұл жағдайда ит шатасуы мүмкін.
– Жаттықтыруға әртүрлі есірткінің иістерін, әсіресе ең көп таралған түрлерін аламыз. 21 ғасыр әлем бір орында тұрмайды. Сол себепті иттерді үйрету үшін жаңа есірткілердің сапалы еліктегіштерімен қамтамасыз етілуін сұраймыз. Жарылғыш заттар бойынша да еліктеуші заттар бар. Атап айтқанда, ұнтақ қоспасы, жарылғыштың иісі, гиксоген барлық жерде қолданылады. Біз негізінен гексогенде іздеуді үйретеміз, – дейді инспектор-кинолог.
Мысалы, Боран атты ит синтетикалық және шөпті есірткіні іздейді. Ал Зидан атты ит тек шөпті есірткілерді іздейді. Бірақ, мамандар ақырындап синтетикалық есірткіні де іздеуді үйретіп жатыр.
Бұдан бөлек, жақында кинологиялық қызмет орталығы екі күшікпен – бельгиялық овчаркалармен толықты. Олар есірткі және жарылғыш заттарды іздеуге үйретіледі.
– Мұндай иттер ұстау жағдайлары мен режимге бейімделеді. Мысалы, күніне үш рет тамақтандырылса, бізде тек таңертең және кешке ғана тамақ беріледі. Бұдан басқа, орталықтағы иттердің иістеріне де үйренеді. Себебі, болашақта жұмыс кезінде басқа иттер мен мысықтарға алаңдамауы керек. Бұл үшін орталықта тіпті мысық та бар, – деді Асхат Браленов.
Орталықтың иттері иелерімен арасында жаяу шығып, қаланы аралайды, трамваймен жүреміз. Себебі, иттер адамдарға, көпшілікке үйренуі керек. Сондай-ақ Мичурин ауылында орналасқан полигонға да апарылады. Онда иттер қатты дыбыстарға бейімделеді.
Айта кетейік, қызметтік иттер стандартты вальерлерде тұрады. Онда қысқы орны да бар, таңертең және кешке құрғақ тағаммен қоректенеді. Қызметтік ит күніне 510 грамм тамақ жейді. Сондай-ақ, ветеринарлық клиникадан мамандар иттердің жағдайын тексеруге келіп, қажетті вакцина салады.
Тәртіпті сақтауға көмектесетін иттер айына шамамен 40-50 шақыруға шығады. Көбінесе адамдарды іздеу және есірткі іздеу бойынша шақырулар түсетін көрінеді.
Былтыр Павлодар облысында иттердің көмегімен төрт тонна 400 келі есірткі заттары тәркіленген. 2024 жылы Павлодар облысында 260-қа жуық қылмыс ашылды, оның 40-ы ұрлық, 73-і есірткі қылмысы, 95-і жарылғыш заттар бойынша жалған қоңыраулар. 2025 жылдың бірінші тоқсанында 69 қылмыстың беті ашылған, оның 35-і – ұрлық, 10-ы –есірткі қылмысы, 34-і – жарылғыш заттар бойынша жалған қоңыраулар.