Евгеньевкада өрт сөндіру бекеті ашылды

Евгеньевкада өрт сөндіру бекеті ашылды

«Ауыл құтқарушылары» нысаны 22 тамызда пайдалануға берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылында 22 тамызда «Ауыл құтқарушылары» жаңа өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылуы өтті. Нысан қызмет көрсету аумағындағы елді мекендерде өрт және басқа да төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету уақытын қысқартуға арналған.

Салтанатты шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Түленбергенов, Ақсу қаласының әкімі Ануарбек Аманов, Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, азаматтық қорғау қызметінің қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.

Жаңа нысанның ашылуы «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мұндай бекеттердің құрылуы ауылдық елді мекендер тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өрт сөндіру бөлімшелерінің оқиға орнына жету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Жаңа өрт сөндіру бекеті Евгеньевка, Үштерек, Сольветка және Еңбек ауылдарын, сондай-ақ Ақсу қаласының Черёмушки және Беловка шағынаудандарын өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Нысанның қызмет көрсету аумағында шамамен 3 790 адам тұрады, 20 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді.

Бұған дейін аталған елді мекендердің өрт қауіпсіздігін Ақсу қаласындағы №12 өрт сөндіру бекеті қамтамасыз еткен. Арақашықтықтың едәуір болуына байланысты өрт сөндіру бөлімшелерінің орташа жету уақыты 40 минуттан асатын. Жаңа бекеттің ашылуымен әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, өрт немесе басқа да төтенше жағдай кезінде тұрғындарға жедел көмек көрсету көзделіп отыр.

«Ауыл құтқарушылары» заманауи модульдік технологиямен салынған. Бір қабатты ғимарат – қажет болған жағдайда кеңейтуге болатын тез құрастырылатын құрылыс. Жер учаскесінің аумағы – 0,1 гектар, құрылыс алаңы – 149,95 шаршы метр. Бекет екі өрт сөндіру көлігін орналастыруға арналған.

Бекетте екі техника бар. Оның бірі – «КамАЗ-43118» автокөлігі базасындағы АЦ-5-40 өрт сөндіру автоцистернасы. Екіншісі – 2024 жылы шығарылған, сыйымдылығы бір текше метр болатын «ГАЗель-Соболь Фермер» автокөлігі. Техникалық жарақтандырылуы қызметкерлердің оқиға орнына жедел жетіп қана қоймай, авариялық-құтқару жұмыстарын тиімді жүргізуіне мүмкіндік береді.

Ғимаратта жеке құрамға арналған әкімшілік-тұрмыстық блок қарастырылған. Мұнда операторлық бөлме, демалыс бөлмелері, тамақтану орны, киім ауыстыратын және санитарлық-тұрмыстық бөлмелер бар. Бекет байланыс және диспетчерлік жүйелермен, корпус және жұмсақ жиһазбен, тұрмыстық техникамен және қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Нысан аумағы автоматты қақпамен қорғалған, сыртқы жарықтандыру орнатылған. Периметрі 3D-сеткадан жасалған қоршаумен қоршалған. Ғимарат электр жүйесі арқылы жылытылады, сумен жабдықтау орталықтандырылған.

Жаңа бекетте төрт қызметкер жұмыс істейді. Осылайша, жоба өрт сөндіру қызметін тұрғындарға жақындатып қана қоймай, ауылдық жерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Қызметкерлердің орташа жалақысы шамамен 100 мың теңгені құрайды.

Салтанатты ашылу барысында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Түленбергенов тұрғындар мен құтқару қызметінің қызметкерлерін жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Ол Евгеньевка ауылдық округінің әкімі Аршат Халықовқа өрт сөндіру бекетінің кілтін табыстады.

Сондай-ақ өрт сөндіру қызметінің бірқатар қызметкері марапатталды. Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасарының Құрмет грамотасымен Ақсу қаласы Төтенше жағдайлар бөлімінің №12 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Расул Ермекұлы және №12 өрт сөндіру бекетінің өрт сөндіру автокөлігі жүргізушісі-қызметкері Александр Зайнуллин марапатталды.

Өрт сөндірушілерге жаңа қызметтік техниканың кілттері табысталды. Автокөлік күнделікті міндеттерді орындауға арналған.

Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін құтқару қызметіне қолдау көрсетіп жүрген шаруа қожалықтарының өкілдері де төсбелгілермен марапатталды. «Тимур» шаруа қожалығының басшысы Равиль Мингазов, «Виктория» шаруа қожалығының басшысы Людмила Смирнова, «Сергей» шаруа қожалығының басшысы Виктор Рямбов және «Агата» шаруа қожалығының басшысы Вячеслав Святенко марапатқа ие болды.

Одан кейін қонақтар бекеттің бөлмелері мен техникалық жабдықтарымен танысты. Ақсу қаласы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сабит Мадеев нысанның құрылымы мен мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Евгеньевка және көршілес елді мекендердің тұрғындары үшін жаңа бекеттің ашылуы ең алдымен құтқарушылардың оқиға орнына жылдам жетуін қамтамасыз етеді. Жобаның іске асуы ауылдық жерлердегі азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.