Павлодарда Жаяу Мұсаның шапаны қай музейде сақтаулы?

Жәдігер Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрмеге қойылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылық музейінің басшысы Ерлан Рахимов әйгілі сазгер-әнші Жаяу Мұсаның сақталып қалған жалғыз күмпей шапанын таныстырды.
– Жаяу Мұса өзі кіші денелі кісі болған, ұрпақтары сақтап келген шапанның көлеміне қарап өзі киген шапан болуы мүмкіндігі жоғары, – дейді Ерлан Рахимов.
Оның айтуынша, жәдігерді 1986 жылы сазгер-әншінің руынан болған Қ.Т. Тұяқбаев музейге табыстаған.
Шапан қой жүнінен алды ашық, орауыш дизайнмен, көк барқыттан жеңдері түзу, тік жолақтармен тігілген.
Айта кетерлігі биыл Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығы аталып өтеді. Сазгер-әнші Баянауыл ауданы, Жасыбай көлінің маңында дүниеге келген. Оның қазақ музыка мәдениетінен алатын орны ерекше. Ән-өлеңдері арқылы өзіне дейін қалыптасып, дамыған ұлттық әншілік дәстүрді жалғастырумен қатар оны жаңа түр, соны көркемдік мазмұнмен байытып, қазақ музыкасына көптеген шығармашылық жаңалықтар әкелген дарынды әнші-композитор.
Жаяу Мұсаның өмір шындығынан туған, көркемдік дәрежесі жоғары музыкалық образдармен сомдалған туындылары халықтың ән өнерінің шоқтығын биіктете түсті. Халық талантының тарихта аса ардақталып аталуында азаматтық, күрескерлік, ақындық қасиеттерінен асыңқырап түсіп жататыны – музыкалық дарыны мен композиторлық тіл өткірлігінде.