Павлодарға Беларусьтен жаңа трамвайлардың соңғы партиясы жеткізілді

Павлодарға Беларусьтен жаңа трамвайлардың соңғы партиясы жеткізілді
Фото: Амира Жартекей

Тағы екі трамвай вагоны әкелінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осылайша, қоғамдық көлік паркін жаңарту бойынша жеткізу жұмыстары толық аяқталып, «Трамвай басқармасы» мемлекеттік сатып алу немесе келісімшарт аясында қарастырылған барлық 10 жаңа вагонды қабылдап алды.

Еске сала кетейік, сатып алынған T811 моделіндегі бұл трамвайлар энергия үнемдейтін технологиялармен және автономды жүріс жүйесімен жабдықталған. Жаңа вагондардың жалпы сыйымдылығы 100-ден 160 адамға дейін жетеді, оның ішінде 36 отыратын орын қарастырылған. Көлік құралындағы аккумулятор жүйесі трамвайдың 60 км/сағ жылдамдықпен 20 шақырымға дейін контакт желісінсіз, дербес қозғалуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар вагондар бейнебақылау камераларымен, USB және Type-C зарядтау порттарымен жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі жандардың мінуіне толық бейімделген.