Павлодарда алпыс жанұяға әлеуметтік тұрғын үй берілді
Тұрғын үй секторында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Хасар Хабылбековтің қала тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды. Биылғы жылы «Достық» шағын ауданында әлеуметтік-несиелік тұрғын үй бағдарламалары – «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» аясында кезекте тұрған 183 отбасы жаңа пәтерлердің кілттерін алды. Әлеуметтік тұрғын үй 60 отбасыға берілді.
Ескі тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы басталды. Мысалы, Затон шағын ауданында 20 ескі үй сүріліп, олардың орнына 1152 пәтерге шақталған 9 заманауи көпқабатты тұрғын үй салынады.
Әлеуметтік салада да маңызды өзгерістер орын алуда. «Достық» шағын ауданында және №47 мектепте екі жаңа мектептің құрылысы аяқталды, сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепке қосымша құрылыс салу жұмыстары аяқталды. Тоғыз мектеп пен бес балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, қала экономикалық әлеуетін де нығайтуда. Павлодар негізгі көрсеткіштер бойынша облыс орталықтары арасында елімізде жетекші орындарды сенімді түрде алып отыр. Соңғы екі жылда 800 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 40 ірі жоба жүзеге асырылды, 1700 жергілікті кәсіпкер қолдау алды.