Павлодарлық мұғалім баланы қырқынан шығару дәстүрінің мәнін түсіндірді

Павлодарлық мұғалім баланы қырқынан шығару дәстүрінің мәнін түсіндірді
Фото: pexels.com

@Pavlodarnews.kz тілшісі ата-бабалар нәрестені шомылдыратын суға неліктен күміс әшекейлер салып, ер баланы 40 күнге жеткізбей, ал қыз баланы 40 күннен асырып қырқынан шығарғанын сұрастырып, білді. 

Қазақта жаңа туған балаға қатысты жасалатын жөн-жоралғылар, салт-дәстүрлер өте көп. Соның бірі – қырқынан шығару. Дәстүр бойынша баланың туғанына қырық күн толған соң кішігірім той жасап, шомылдырады. «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Павлодар қаласының №46 мектептің көркем еңбек мұғалімі Дина Ержанованың айтуынша, қазақта баланы қырық күнге дейін сыртқа шығармай, ешкімге көрсетпеген. 

– Қырық күнге дейін ана мен бала үшін қаупіті кезең болып табылған. Жаңа туған нәрестені шырақ жағып, күзетіп, қасынан адам үзілмей баққан. Қырық күн өткен соң той тойлап, қонақ шақырған,– деді ол. 

Бұрындары сәбиді қырық күн бойы тұзды, сабынды немесе маралшөп салынған суға алма-кезек шомылдырып отырған.

– Тұзды суға шомылдырып өскен баланың денесі шымыр болып, аурудан қорғайтын. Ол өскен кезде жарасы тез жазылатын деп санаған. Ал сабынды су денесіндегі микробтардан тазартады. Маралшөп қосылған су баланың тез ширауына көмектеседі,– деді Дина Ержанова.

Оның сөзінше, қыз бала мен ер баланы қырқынан шығарғанда күндердің айырмашылығы болады. 

– Ұл мен қыздың дене бітімі екі түрлі. Тіпті күш-қуатында, жаратылысында өздеріне тән ерекшеліктері бар. Әдетте ұл бала төзімді, қайсар болып туады, сондықтан 37-39 күнде қырқынан шығарған. Ал қызды 40 күн толғаннан кейін, қырқынан шығарған. Кейбіреуі қыздың қалың малы көп болсын деп қырық күннен асырып шығарған. Әйел қырық шырақты деген сөз осы жаймен де байланысты,– деп атап өтті Дина Ержанова.

Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс білезік, жүзік сияқты заттар салған. 

– Қалыптасқан ғұрып бойынша ыдыстың түбіне күміс әшекейлер салынады. Күміс – адалдықтың белгісі. Сондай-ақ, күміс салынған су ең таза деп есептелген. Ондай суға жындар мен шайтандар жоламаған,– деді Дина Ержанова. 

Қырқынан шығару кезінде баланың үстіне қырық қасық су құйылады. Сәбидің құлағына тілектер айтылады.

– Шомылдырып болғаннан кейін баланың сүт тырнақ пен қарын шашын алдырады. Кесілген қарын шашын ақ шүберекке тұмарша етіп түйіп, бесікке қадап қоятын, ал сүт тырнағын адам баспайтын жерге немесе ұрпағы көп болсын деп жеміс ағаштың түбіне көмген,– деді ол.

Бұл ғұрыпты көбіне әділдігімен аты шыққан, көркем мінез-құлықты кісіге жасатады.