Кроссовер кесірінен Алматы-Павлодар бағытында пойыз машинисі көлікті шұғыл тежеді

Toyota Land Cruiser рельс арасында қысылып, пойыз 16 минутқа кідірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
12 наурызда сағат 15:46-да Алматы-2 – Павлодар бағыты бойынша келе жатқан жолаушылар пойызының машинисі темір жолына белгіленбеген жерден шығып, рельстер арасында қысылып қалған Toyota Land Cruiser маркалы автокөлігінің кесірінен шұғыл тежеуге мәжбүр болды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.
– Өтіп бара жатқан теміржолшылар жедел түрде жол талғамайтын көлікті қауіпсіз жерге сүйреп шығарды. Содан кейін жүргізуші оқиға орнынан қашып кетті. Пойыз 16 минутқа кідірді. Оқиға туралы полицияның желілік басқармасына хабарланды, тергеу жүргізілуде, – делінген хабарламада.
2025 жылғы қаңтар-ақпанда теміржол өткелдерінде автокөлік құралдары жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуына байланысты төрт жол-көлік оқиғасы орын алды. Жағдайлар жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қауіп төндірді. Былтыр теміржол өткелдерінде осындай 26 ЖКО тіркелді. ҚТЖ жол қозғалысының барлық қатысушыларын теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.