Павлодар облысында 100 еңбек жұлдызы таңдалды

Павлодар облысында 100 еңбек жұлдызы таңдалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жас жұмысшылар өз мамандықтары туралы бейнероликтерде айтып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында «100 еңбек жұлдызы» жұмысшы мамандықтар фестиваліне өтінім қабылдау аяқталды. Қатысушылардың қатарында қала тұрғындары да, ауылдық жерлерден келген жастар да бар. Олардың ішінде «Ақтоғай-Агро» ЖШС, Екібастұз жылу желілері, «Замандас» шаруа қожалығының өкілдері бар.

Олар өз мамандықтары туралы бейнероликтерде айтып, еңбек жолындағы маңызды сәттерімен бөлісті. Видеолардың кейіпкерлері – монтажшы-құрылысшы, жылу желілерінің слесарі, бас агроном, аспаз болды.

Жастар өз мамандықтарын қалай таңдағандарын және неге бұл істің маңызды екенін айтып берді. Бірі зауыттағы күнделікті жұмысын көрсетсе, енді бірі егістік алқабындағы сәттермен бөлісті.

«New vision team» қоғамдық қорының өкілдерінің айтуынша, қатысушылардың арасында өнеркәсіптік кәсіпорындарда, соның ішінде слесарь болып жұмыс істейтін қыздар да бар.

– Жұмысшы мамандықтар фестивалі – 35 жасқа дейінгі жас мамандар өз мамандықтары туралы айтып, оның маңыздылығын көрсете алатын алаң, – дейді ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова.

Оның айтуынша, фестиваль қатысушыларын марапаттау рәсімі қазан айында өтеді. Жеңімпаздарға дипломдар мен мүсіншелер табысталады.