Павлодарда жыршы Даниял Әсеновті еске алды

Абайтанушы, көркемсөз оқудың шебері Даниял Әсеновті еске алу кеші С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жырды жадында сақтаған жыршы» атты шараға марқұмның туыстары, замандастары, шәкірті мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Жиын барысында сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы Даниял Әсеновтің жыршылық өнері туралы толғанысын ортаға салды.
– Даниял Сабырұлының көзі тірісінде жыршылар мектебін ашсам деген арманы болды. Алайда, арманына жете алмады. Десе де, соңына өлместей мұра қалдырып кетті. Соның бірі – шәкірті Ғалымжан Айбек. Ол баланы ағамыз 3-сыныпта оқып жүрген кезінен бастап, жыршылыққа баулыды. Көптеген жырларды жатқа айтады, – деп атап өтті ол.
Кеш аясында «Қобыланды батыр» жырынан үзінді оқылды. С. Торайғыров атындағы кітапхана директоры Шолпан Шахметова Даниял Әсеновпен бірлесе жасаған «Абай жолы» жобасына тоқталды. Ал ақын сатирик, С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығының басшысы Алпысбай Әбділұлы «Жыр мен жыршы» жобасын айтып берді.
Шара соңында жыршының қарындасы Назымгүл Сабырқызы кітапхана ұжымына алғысын білдірді.
Даниял Әсенов 1950 жылы Семей жерінде туған. Орта мектепті бітірген соң Семейдегі педагогикалық институтқа оқуға түскен. Ол жерден орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша оқуды тәмамдаған. Бірақ, орыс тілінің маманы болса да, бәрінен де өз тілін биік қоя білді. Қазақ тілінің мәртебесі үшін қызмет етті. Қазақ тілінен бөлек, парсы тілін де жетік білген. 1987 жылы Ташкентке барып, сол жерде парсы тілін үйреніп, парсы тілмашы мамандығын алған. Онымен қоса араб тілін де қоса меңгерген. Мақсаты Мәди атасының қолжазбаларын оқу болған.
Тәуелсіздік алғанға дейін түрлі қызметтерде болып, кейін әдебиет әлеміне терең бойлады. Жыршы шырайлы шығыста туғандықтан болар, Абай әлеміне жаны жақын. Соңғы 25 жылда дара ақынның шығармашылығын дәріптеумен келді. Атап айтсақ, Абай, Шәкәрім, Мағжан, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт шығармаларын, сондай-ақ халық ауыз әдебиетін кеңінен насихаттады, «Қыз Жібек», «Қобыланды батыр» және т.б эпостық жырларын жатқа білді.
Өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының дамуына ерекше үлес қосып, 2018 жылы «Абай ауылға келді» жобасымен аймақтағы 50 ауылды аралап, Абай рөлін сомдаған.