Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы мектепке 50 жыл толды
Облыс әкімі Асайын Байханов өзі білім алған Жаңажол орта мектебінің мерейтойына қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Айақ басшысы алғашқы ұстазы Гаухар Задықызын, сынып жетекшісі болған Шолпан Әлімқызын және басқа да көптеген ұстаздарды әрдайым жылы естеліктермен еске алатынын, олардың арқасында биология, химия, физика және математика пәндерін жақсы көретінін атап өтті.
– Осынау білімнің киелі қара шаңырағында менің балалық, жасөспірім шақтарым өтті. Ұлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімімен аталған білім ұясы талай ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатты. Ұстаздарымыз қатал болды, бірақ, бізді жақсы көрді. Мектеп маған және сыныптастарыма тәртіпті үйретті, сол арқылы тәжірибе келді, жетістікке жеттік, – деп жазды Асайын Байханов Тelegram арнасындағы парақшасында.
Облыс әкімі туған мектебіне өркендеу тіледі.
– 50 жыл бұрын қалыптасқан дәстүрлер біздің балаларымыздың одан әрі дамуына негіз болсын! Түлектермен жүздесу барысында олардың қуаттылығын, туған жерге пайдалы болуға деген ұмтылысын байқадым. Бұл мақтауға тұрарлық! Сіздердің таланттарыңыз, шешім қабылдаудағы батылдықтарыңыз және алған білімдеріңіз - міне, еліміздің болашағы осында! Ақ жол, жас түлектер - 2024! – деді облыс әкімі.