Павлодар облысының бірнеше ауылы қоқыс полигондарын жаңартады
Барлық қажетті құжаттар әзір, рұқсат берілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жалпы облыс аумағында 321 қоқыс жинау полигондары бар, олардың небары үшеуі ғана санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес. Олар Павлодар, Екібастұз бен Ақсу қалаларында орналасқан.
- Қалған 319-ы ауылдық жерлерде орналасқан, олардың тек жер учаскелеріне актілері ғана бар, яғни экологиялық талаптарға сай емес, - дейді Павлодар облысы бойынша экология Департаментінің басшысының орынбасары, облыс бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Әсет Сыздықов. – Алайда, облыс әкімдігі мен жергілікті билік жағдайды өзгертуге әрекет етуде. Мысалы, Баянауыл, Майқайың, Ертіс пен Тереңкөл ауылдарында жаңа полигон салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, ол барлық сараптамадан өтіп, құрылысқа рұқсат берілді.
Әсет Сыздықов келесі жылы бұл жобалар қолға алынады деп сенуде. Оған қоса, дәл сондай жаңа қоқыс тастау орындары бойынша құжаттама әзірлеу келесі жылы Шарбақты, Железин, Май, Ақтоғай және Успен аудандарында басталады.
Ғарыштық бақылау арқылы 249 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Олардың 245-і жойылды, төртеуінің бар-жоғы расталмады.
Биыл Павлодарда қоқыс өңдеу зауытының құжаттамасы әзірленіп, зауыт құрылысына экологиялық рұқсат берілді. Жер телімі де бөлінді. Ол жылына 100-150 тонна қоқысты өңдейді деп күтілуде.
Биыл табиғатқа нұқсан келтірген өндіріс алыптары айыппұл төлеп, олқылықтардың орнын басты. Мысалы, нормативтерден тыс қоршаған ортаға зиянды шығындылар шығарған Ақсу қазандығына 854 миллион теңге айыппұл тағылды.