Май ауданының дәрігерлері Президенттің халыққа Жолдауын қолдады
Шараға қатысушылар Жолдаудағы өзекті мәселелерді көтеріп, талқыға салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бүгін Май аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Шараға аудандық орталық ауруханасы мен оңалту орталығының қызметкерлері қатысты. Қатысушылар Жолдаудағы өзекті мәселелерді көтеріп, талқыға салды.
Президенттің соңғы жолдауында 2023 жыл жаңа экономикалық бағытқа арналғаны туралы айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар пандемиядан кейінгі кезеңде елді дамытуға бағытталған бірқатар бастамаларды алға тартты.
- Реформалар денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы білім беруді қамтамасыз етуге, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйені құруға, саяси жаңғыртуға, адам құқықтарын қорғауға және қоғамды топтастыру тақырыптарына арналған, - делінген хабарламада.
Ашық диалог алаңы форматында ұйымдастырылған бұл шараға "Аманат" партиясының Май аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қ.Түсіпбекова және жергілікті депутат Р.Жапишев қатысып, Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқталып өтті.